Желтоқсанда Алматыда ауа райы қандай болады

02.12.2025 20:46

Жауын-шашын қаланы тұмшалап тұрған түтінді қуып, желден ауа да тазарады

Depositphotos.com

Желтоқсан айының басында Алматыда күн райы күрт құбылады. Бірнеше күннен бері тыншып тұрғаннан кейін іле-шала жаңбыр жауып, артынан қар араласып, ұйытқып жел соғады, деп хабарлайды Almaty.tv.

Осыдан кейін қаланың тынысы ашылып, бір рахаттанып қалады.  Жауын-шашын қаланы тұмшалап тұрған түтінді қуып, желден ауа да тазарып, серуендеп қайтатындай атмосфера қалыптасады.

2 желтоқсанда күн райы тыныш, сіркіреп жауын жауып, күн аздап бұлттанады. Түнде –4 °C дейін, күндіз +7…+9 °C шамасында жылы болады. Жел әлсін-әлсін соққан күндері қаланы қайта түтін басып, тұмшалай бастауы мүмкін. Бірақ желтоқсанның 3-і күні солтүстік-шығыстан ұйытқып жел соғып, қаланы кәдімгідей сергітіп тастайды.  

4 желтоқсанда күндіз ауа температурасы +11 °C-қа дейін көтеріледі, жаңбыр жауып, жел күшейіп, ластанған ауа тарқай бастайды. 5 және 6 желтоқсанда түнде жаңбыр мен қар аралас жауын, күндіз жаңбыр жауады. Осы күндері ауа ерекше таза болады: шаң басылып, ылғалданып, демалыс жеңілдейді. Түнде шамамен 0 °C, күндіз +7…+9 °C болады.

7 және 8 желтоқсанда жауын-шашын жоқ, бірақ күндіз +12 °C-қа дейін жылиды. Шығыста соққан жел қаланы тұмшалап тұрған түтінді қуғанымен, жаңбыр жауған кездегідей аса таза бола қоймайды. 9 желтоқсанда қайтадан жаңбыр жауып, күндіз +14 °C-қа дейін жылиды.  

10 желтоқсанда түнде жаңбыр мен қар аралас жауын, күндіз жаңбыр жауады. Солтүстік-батыстан күшті жел соғып, қар аралас жаңбыр жауады.  

Жалпы алғанда, желтоқсанның алғашқы онкүндігі алматылықтарға қолайлы болады: жауын үзбей жауып, жел ауысып, қаланы тұмшалап тұратын түтінді тарқатып жіберіп отырады. Алдағы күндері таза ауада серуендеп, қыдырып қайтуға мүмкіндік өте көп болады.

Оқи отырыңыз: Қаланың ішінде жылдамдық шектелді: ІІМ бұл деректің негізсіз екенін растады