Тіс емдеуге барып, көз жұмған 3 жастағы қыздың өліміне қатысты тың деректер айтылды

02.12.2025 21:02

Стоматолог көмекшісінің бұл салада арнайы білімі болмағаны белгілі болды

Ал елордада тіс емханасында көз жұмған 3 жастағы қыздың өліміне қатысты сот отырысы жалғасуда. Бүгінгі процессте клиникада жарамдылық мерзімі өткен шприцтердің болғаны анықталды, деп хабарлайды Almaty.tv.

Дегенмен, бұл құралдар марқұмның емінде қолданылмағаны айтылды. Сонымен қатар стоматолог көмекшісінің бұл салада арнайы білімі болмағаны белгілі болды. Арнайы тексерістен кейін ол қызметкер жұмыстан шығарылыпты. Ал заңбұзушылықтар үшін клиника әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

«Қылмыстық кодекстің 317-бабының 3-бөлігімен сотталушыға қатысты іс қаралды. Осыған дейінгі процестерде көрдіңіздер, барлық дәлелдемелер зерттелді, куәлерден жауап алынды. Бүгін куә яғни, аталған медициналық клиниканың директорынан жауап алынды. Жауап алу барысында клиникада анықталған бұзушылықтар – мерзімі өтіп кеткен шприцтар, медициналық рұқсаты жоқ құралдар анықталды. Атап өту керек ол құралдар жаңағы қызды емдеу барысынды қолданылмаған», – деді мемлекеттік айыптаушы Еркебұлан Шалқаров.

Сот отырысында емхананың директоры Надежда Хон да жауап берді. Оның айтуынша, қайғылы оқиға болған күні ол жұмысқа сағат 13:38-де келген.

 «Сол күні менің жұмысым сағат екіде басталуы тиіс еді. Мен жұмысқа 22 минут қалғанда келдім. Киімімді ауыстырып жатқанымда маған пациент оянбай жатыр деген хабар жетті. Ол шамамен 13:45 болатын», – деді ол.

Сонымен бірге Хонның айтуынша, күзде жәбірленуші тараптың адвокаты Руслан Айтжанов клиникадан 25 миллион теңге көлемінде өтемақы талап еткен. Қорғаушы өз кезегінде мұндай ұсыныстың болғанын растады.

 «Клиниканы жауапкершілікке тартпауы үшін және орын алған қайғы негізінде  25 млн теңге төлеу талабы біздің тарапымыздан айтылды. Бірақ кейін ол ойдан бас тарттық», – деді жәбірленуші тараптың қорғаушысы Руслан Айтжанов.

Оқи отырыңыз: Мемлекет дәрі бағасын өсірмейтін отандық өндірушілерді қолдайды