Қаладағы аураханалардың жарақат бөліміне қар жауған күні 200-ге жуық адам түскен
Астанада алғаш қар жауған күні 180-ге жуық жол апаты тіркеліп, оннан аса адам зардап шекті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Астанада аяқ асты қар жауып, күн қатты суытып кеткенде, арқаны кеңге салып жүрген жүргізушілер әбден әбігерге түсті. Салдарынан, 179 жол апаты тіркелген. 15 адам жарақат алған. Бүгін күннің көзі ашық болғанымен, суық жел соғып тұр. Көшелерде қар жоқ, бірақ үйдің аулаларында мұз қатқан. Дөңгелек ауыстыру орталықтарында ондаған машина кезекте тұрған. Қазір қайтадан саябырсып қалған.
"Жүргізушілер қар жауғанда жүгіреді. Көпшілігі ертерек дөңгелек ауыстыруға асықпайды", – деді дөңгелек ауыстыру орталығының маманы Камаладдин Сабиров.
Айтпақшы, дөңгелек ауыстыру құны 7-15 мың теңге аралығында есептелінеді. Баға көліктің шанағына қарай өсе береді. Полицейлер 1 желтоқсаннан бастап жүргізушілерге талап қоя алады. Себебі заңда солай жазылған. Ал әзірге тек қауіпсіздікті сақтауға шақырады.
"Көліктерді жазғы шиналармен жүргенін ескере отырып, полиция департаменті жүргізушілерге жылдамдық режимін қатаң сақтауға, кенеттен тежегішті баспауға, аралық пен бүйірлік ара қашықтықты сақтауға, көлікті арнайы орындарға қоюға және көлікті жол үстінде қалдырмауға, патрульдік полиция қызметкерлерінің талаптарын орындауға шақырады", – деді Полиция департаменті әкімшілік полиция бөлімінің аға инспекторы Бәкір Бауыржан.
Тәртіп сақшылары сақтық шараларын жаяу жүргіншілер де сақтау керек деп отыр. Әсіресе, жолдан өткенде құлаққапты шешіп жүруі тиіс.
Ал қаладағы аураханалардың жарақат бөліміне қар жауған күні 200-ге жуық адам түскен. Кеше 170 азамат дәрігерлердің көмегіне жүгінсе, бүгін бұл сан азайған.
Айта кетейік, Астанада осы апта ауа-райы бірқалыпты болады деп күтіледі. Ал келесі жетіде жаңбыр мен қар жауады деп болжап отыр.
Өмір Серікбекұлы, Данияр Омар, Дастан Темірбекұлы, Астана
Оқи отырыңыз: Шерзаттың өлімі: отбасы заңгері ақша жиғандардың үстінен арыз түсірді