Жерасты қозғалысы Қаскелең, Боралдай және Өтеген батыр елдімекендерінде де сезілді
Бүгін таңда Алматы тұрғындарын жер сілкінісі оятты. Алғашқы жер асты дүмпуін мамандар таңғы сағат 6:32-де тіркеген екен. Ресми мәлімет бойынша, оның қарқыны қалада сезілмеген. Алайда Наурызбай ауданы, Қалқаман, Ақсай мен Алмагүл тұрғындары алғашқы дүмпуді бірден байқаған. Арада үш сағат өткенде екінші жер сілкінісі болды. Бұл жолы дүмпу анағұрлым анық сезілді. Оның ошағы мегаполистен небәрі 8 шақырым жерде оңтүстік-батыста орналасқан. Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, Алматыда жер сілкінісінің күші 3-4 балға дейін жеткен. Жерасты қозғалысы Қаскелең, Боралдай және Өтеген батыр елдімекендерінде де сезілді, деп хабарлайды Almaty.tv.
«Қазселденқорғау» мамандары және қала полициясының патрульдік экипаждары тіршілікті қамтамасыз ету нысандарын визуалды тексеруден өткізді. Сонымен қатар өзен арналарына, гидротехникалық құрылыстарға, опырылу қаупі бар және сел қаупі бар учаскелерге мониторинг жүргізілді. Қазіргі уақытта аталған нысандар штаттық режимде жұмыс істеп тұр. Қираулар мен зардап шеккендер туралы ақпарат түскен жоқ. «101» және «112» желілеріне ақпараттық сипаттағы 258 қоңырау келіп түсті. «Жедел желі» телефонына 35 қоңырау түсті. Тексеру барысында ешқандай зақым анықталған жоқ", - деп хабарлады ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінде.
Жер сілкінісінен кейін алматылықтардың телефондарына төтенше жағдай туралы ескерту хабарламалары да келді. Mass Alert жүйесі белгілі бір аумақтағы ұялы байланыс абоненттеріне ақпаратты бір мезетте жеткізуге мүмкіндік береді. Бұдан бөлек, қалалық хабарлау жүйесіне сиреналар, телеарна мен радиоэфирді жедел тоқтатып, арнайы хабар тарату тетігі және мобильді қосымшалар кіреді.
Мамандар жер сілкінісі кезінде сабыр сақтап, ғимараттан асығыс шығуға тырыспаудың маңызды екенін еске салады. Баспалдақпен жүгіріп түсуге де, лифтіні пайдалануға да болмайды. Мүмкіндік болса, газды, суды және электр қуатын өшіріп, алдын ала дайындалған төтенше жағдай сөмкесін алған дұрыс. Мамандар жер сілкінісінен кейін қайталама дүмпулер болуы мүмкін екенін де ескертеді.
"Біз бесінші қабатта болдық. Бәлкім, сондықтан да жер сілкінісін анық сезінген шығармыз. Бұған дейінгі дүмпулерден өзгеше болды. Әрине, бұл өзімнің байқағаным. Меніңше, жер сілкінісі тік бағытта болған сияқты. Бәріміз ғимараттан шықтық, біраз күтіп тұрдық. Артынша бірнеше секундтың ішінде телефонға ескерту сигналы да келді", - деп айтып берді қала тұрғыны.
Оқи отырыңыз: Қазақстан өңірлерінде қандай нысандар іске қосылды