Қазақстан Президентінің Нью-Йоркке сапары жалғасуда

Акорда
Акорда
Қасым Жомарт Тоқаев БҰҰ саммиті аясында бірқатар кездесулер өткізді
Жаңалықтармен бөлісіңіз

18 қыркүйек күні Президент бірқатар кездесулер өйткізді деп хабарлайды, Аlmaty.tv.

Кездесу барысында  Mastercard атқарушы вице-президенті Николой Вилламен кездесті. Кездесу барысында қаржы секторын дамыту, IT-саласын, шағын және орта бизнесті дамытудағы цифрлық құзыреттілігін қарастырды.

Президент Mastercard компаниясының ТМД-дағы, Орталық және Шығыс Еуропадағы консалтингтік бағытты дамыту үшін Алматы қаласын өңірлік хаб ретінде таңдау шешімін қолдады. Инновациялық төлем технологиясы саласындағы жаһандық көшбасшылардың бірі саналатын компания бүкіл Орталық Азия аймағы үшін банк секторындағы бизнес пен адами капиталды дамытуды жоспарлап отыр.

Никола Вилла Қазақстанның GovTech-шешімдерін шетелде, әсіресе дамушы және қалыптасушы нарықтарда ілгерілету жоспары туралы баяндады. Оның айтуынша, Қазақстанның цифрландыру, электронды үкіметті және қолма-қол төлемсіз экономиканы дамыту тәжірибесіне Mastercard филиалдары жұмыс істейтін басқа елдер ерекше қызығушылық танытуда.

Бұдан бөлек, Президентке Mastercard компаниясының Инклюзивті өсім қоры Қазақстанда Strive бағдарламасын іске қосатыны жөнінде мәлімет берілді. Аталған бағдарлама елімізде бизнесті цифрландыруға, 300 мыңнан астам шағын және орта бизнестің біліктілігін арттыруға көмек көрсетеді.

Сонымен қатар Қазақстанның Ұлттық банкімен бірлесіп,  «Цифрлық теңге», «Жедел төлем жүйесі», Open banking жобаларын жүзеге асыру ісіне сараптамалық және технологиялық тұрғыдан қолдау көрсету жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Мемлекет басшысы Rio Tinto компаниясының бас атқарушы директоры Якоб Штаусхольмді қабылдады. Кездесу барысында геологиялық барлау, тау-кен және металлургия өнеркәсібінде бірлескен инвестициялық жобаларды іске асыру мәселелері талқыланды.

Қасым-Жомарт Тоқаевқа Rio Tinto компаниясының еліміздегі қызметінің аясын кеңейту жоспары жөнінде мәлімет берілді. Сондай-ақ Якоб Штаусхольм Қостанай және Қарағанды облыстарындағы мыс кен орындарына геологиялық барлау жүргізу жобасының жүзеге асырылу барысы туралы баяндады.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың БҰҰ Бас Ассамблеясы 78-сессиясының аясындағы екіжақты келіссөздер бағдарламасы Мажарстан Президенті Каталин Новакпен кездесуден басталды.

Мемлекет басшысы бауырлас халықтар арасында тарихи және мәдени байланыстарға негізделген стратегиялық серіктестік орнағанын атап өтті. Президент Мажарстанның түркі ынтымақтастығын нығайтудағы белсенді ұстанымын және елеулі үлесін жоғары бағалады.

Қасым-Жомарт Тоқаев биыл қараша айында Қазақстанда Түркі мемлекеттері ұйымының мерейтойлық 10-саммиті өтетінін айтып, аталған жиынға Мажарстан Премьер-министрі Виктор Орбан қатысады деп жоспарланып отырғанын жеткізді.

Мемлекет басшысы екі ел арасындағы байланыстарды нығайту мақсатында Астана көшелерінің біріне Мажарстанның ұлт ақыны Шандор Петефидің есімі берілетінін айтты.

Президенттер мемлекеттеріміз арасындағы өзара тауар айналымын ұлғайтуға бағытталған бірлескен шаралар қабылдау, сондай-ақ ынтымақтастықтың екіжақты тетіктерін жандандыру маңызды екенін атап өтті.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Мажарстан Президенті Каталин Новакпен бірге БҰҰ-ның «Орнықты даму мақсаттарына (ОДМ) қол жеткізу жолындағы прогресті жеделдетудің негізгі өтпелі процестеріне қатысты ауқымды іс-қимылдарды жандандыру» атты Көшбасшылар диалогының бірінші сессиясында төрағалық етті.

Мемлекет басшысы өз сөзінде Біріккен Ұлттар Ұйымының 2030 жылға дейінгі күн тәртібі бүгінгі өскелең ұрпақтың жарқын болашақ құруына берілген бір ғана мүмкіндік екенін атап өтті.

– Геосаяси қақтығыстарға байланысты шиеленісе түскен қазіргі жаһандық сын-қатерлер біздің ұжымдық күш-жігерімізге нұқсан келтіріп отыр. Бұл кедергілерді еңсеруге жекелеген мемлекеттің шамасы жетпейді. Әлемдік қоғамдастықтың бірлігінің арқасында ғана елеулі жетістіктерге қол жеткізе аламыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттің пікірінше, баршаға ортақ орнықты болашаққа қол жеткізу үшін шұғыл түрде бірлескен іс-қимылдар қажет. Осыған байланысты Мемлекет басшысы бірқатар ұсыныс айтты.

– Өзара ынтымақтастықты нығайту үшін аймақтық деңгейде «Біртұтас БҰҰ» қағидатын күшейту қажет. Сондықтан біз Қазақстанда Орталық Азия мен Ауғанстан үшін Орнықты даму мақсаттары жөніндегі Аймақтық хаб құруды ұсынамыз. Ол БҰҰ-ның аймақтағы жобалық қызметін тиімді үйлестіруді қамтамасыз етеді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ Бас Ассамблеясының 78-сессиясы аясында Словения Президенті Наташа Пирц-Мусармен кездесті.

Мемлекет басшысы Словенияны Қазақстанның Еуропалық Одақтағы маңызды серіктесі екенін атап өтті. Президенттің айтуынша, екі елдің қарым-қатынасы қарқынды дамып келеді.  

Қасым-Жомарт Тоқаев Наташа Пирц-Мусарды келесі жылы елімізде өтетін Астана халықаралық форумына қатысуға шақырды.

Өз кезегінде Словения Президенті Қазақстанмен арадағы ынтымақтастықты дамытуға дайын екенін растады.

Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ Бас Ассамблеясы 78-сессиясы аясында Иран Ислам Республикасының Президенті Ибрахим Раисимен келіссөз жүргізді.

Президент Қазақстанның Каспий теңізі аймағындағы стратегиялық серіктесі ретінде Иранмен екіжақты қарым-қатынастарды нығайтуға баса мән беретінін айтты.

Келіссөз барысында екі ел басшылары қазақ-иран ынтымақтастығының қазіргі жай-күйін және өзара қатынастарды одан әрі дамыту перспективасын талқылады. Тараптар көлік, логистика және сауда-саттық салаларындағы ықпалдастықты арттыру үшін кешенді шаралар қабылдау маңызды екенін атап өтті.

Біз виза рәсіміне, сондай-ақ адамдар мен бизнестің өзара қарым-қатынасына қатысты өте пайдалы уағдаластықтарға қол жеткіздік. Қазақстан тарапы Иранмен арадағы ынтымақтастықты нығайтуға ниетті екенін атап өткім келеді. Екі ел үкіметтері бұған дейін Тегеранда қол жеткізген уағдаластықтарды жүзеге асыру үшін тиісті шаралар қабылдауы қажет. Мен Қазақстанда Сізбен тағы да кездесуді асыға күтемін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттер белгіленген экономикалық жоспарды жүзеге асыру үшін үкіметаралық байланыстарды жандандыруға уағдаласты.

- Иран мен Қазақстан арасында өте жақсы екіжақты қарым-қатынас қалыптасқан. Мұндай жоғары деңгейдегі серіктестік бізге өзара байланыстарды, әсіресе сауда саласындағы қарым-қатынасымызды одан әрі дамыту үшін нақты қадамдар жасауға жетелейді. Біз бауырлас Қазақстанмен екіжақты ынтымақтастықты кеңейтуге ниеттіміз. Елдеріміздің әлеуеттері зор және осы мүмкіндіктерді пайдалану біздің ортақ игілігімізге қызмет етеді, – деді Ибрахим Раиси.

Сол күні Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Финляндия Президенті Саули Ниинистёмен кездесті.

Келіссөз барысында Президент Финляндияны Қазақстанның Солтүстік Еуропа елдері арасындағы ең ірі сауда серіктесі және инвестиция көлемі бойынша оның алдыңғы орында екенін атап өтті. Сондай-ақ саяси, сауда-экономикалық және ғылыми-техникалық ынтымақтастықты одан әрі нығайу үшін зор әлеует бар екені айтылды.

Өз кезегінде Саули Ниинистё Қазақстан Финляндияның аса маңызды серіктесі және екіжақты күн тәртібінің барлық бағыты бойынша өзара тиімді ықпалдастықты жалғастыруға дайын екенін мәлімдеді.

Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ Бас Ассамблеясының 78-сессиясы аясында Эстония Президенті Алар Кариспен де келіссөз жүргізді.

Кездесу барысында екі мемлекеттің түрлі саладағы ынтымақтастығын нығайту перспективалары талқыланды.

Тараптар өзара ортақ мүддені көздейтін салалардағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға ниетті екенін растады және бір-бірін өз елдеріне арнайы сапармен келуге шақырды.

Сонымен қатар Президент Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ Бас Ассамблеясының 78-сессиясы аясында БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерришпен кездесу өткізді.

Тараптар Қазақстанның БҰҰ-мен жан-жақты ынтымақтастығының басым бағыттарын, сондай-ақ қазіргі заманның өзекті сын-қатерлерін талқылады.

БҰҰ Бас хатшысы Қазақстан Президентіне ілтипат білдіре отырып, екіжақты серіктестіктің қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті.

– Қазақстан мен БҰҰ бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайту, Орнықты даму мақсаттарына қол жеткізу және адам құқығының сақталуын қамтамасыз ету мәселелері бойынша ынтымақтастықты жалғастыра береді. Қазақстан – біз үшін мультилатерализмнің тірегі, жаһандық деңгейдегі бейбітшілік қорғаны ретінде басымдыққа ие серіктес ел, – деді Антониу Гутерриш.

Өз кезегінде Қасым-Жомарт Тоқаев Антониу Гутерриштің БҰҰ Бас хатшысы ретіндегі қызметіне жоғары баға беріп, оның бейбітшілікті, тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған іс-әрекеттерін одан әрі қолдауға дайын екенін растады.

Қазақстан Президенті қазіргі заманның ең өзекті проблемаларын шешуде БҰҰ айрықша рөл атқаратынын және оның ешқандай баламасы жоқ екенін айтты. Сондай-ақ Мемлекет басшысы БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерришке Ұйым қызметін одан әрі жетілдіру жөніндегі ой-пікірін жеткізді.

Әлемдегі ірі технологиялық компанияның өкілімен әңгімелесу барысында «бұлтты» технологияларды дамытуға және дата-орталықтар құрылысына қатысты өзара тиімді ынтымақтастықтың мүмкіндіктері талқыланды.

Президент Қазақстанның электронды үкімет саласындағы жетістіктеріне назар аударып, цифрлық саланы одан әрі жетілдіру үшін елімізге өз санатындағы ең мықты инфрақұрылымдық шешімдер қажет екенін атап өтті.

Сьюзан Пойнтер компанияның Қазақстанмен арадағы ықпалдастықты нығайтуға және келешекте бүкіл Орталық Азия аймағын қамтуға ниетті екенін жеткізді.

Кездесу барысында Қасым-Жомарт Тоқаевқа GE Healthcare компаниясының елімізде ультрадыбыс аппараттары өндірісінің жергілікті үлесін арттыру және алдағы уақытта компьютерлік томография, ангиография және маммография құрылғыларын шығару жоспары туралы мәлімет берілді.

Президент бұл бастама отандық дәрі-дәрмек пен медициналық техника өндірісінің үлесін 2025 жылға қарай 50 пайызға дейін арттыру міндетіне толықтай сай келетініне назар аударды.

Роб Уолтон Мемлекет басшысына GE Healthcare компаниясының Қазақстанда клиникалық бейнелердің орталықтандырылған ұлттық цифрлық мұрағатын құруға ниетті екенін жеткізді. Бұл шара науқастардың мәліметін басқару ісін оңтайландырып, нәтижесінде көрсетілетін қызмет құнын төмендетуге мүмкіндік береді.

Мемлекет басшысы Қазақстанның денсаулық сақтау саласына қатысты маңызды жобалар бойынша GE компаниясымен стратегиялық серіктестікке жоғары баға берді.

Оқи отырыңыз: Президент Әлем чемпионы Ризабек Айтмұқанды жеңісімен құттықтады

Новости партнеров