|
19.06.2019 | 09:51
2892

Депутат мұғалімдер туралы заң жобасының парламентке түспегенін айтып қапаланды

Заң жобасының соңғы нұсқасында ұстаздарға қосымша әлеуметтік кепілдіктер беретін нормалар болмай шыққан

Депутат мұғалімдер туралы заң жобасының парламентке түспегенін айтып қапаланды

Мәжіліс депутаты Наталья Жұмаділдаева Елбасының тапсырмасымен әзірленген «Педагог мәртебесі» туралы заң жобасы парламентке сол күйі түспегенін айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Депутат қоғам алдында тұрған тағы бір мәселе – педагогтар мен тәрбиешілердің мәртебесін көтеру екенін атап өтті. Ол Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев мұғалімдердің мәртебесі туралы заң жобасын әзірлеуді тапсырғанын еске алды.

«Бұл идеяны қазіргі Президент те қолдайды. Өкінішке қарай, «Педагог мәртебесі туралы» заң жобасы парламентке сол күйі түспеді. Құжат түрлі алаңда талқыланды, алайда заң жобасының соңғы нұсқасында ұстаздарға қосымша әлеуметтік кепілдіктер беретін нормалар болмай шықты, оның үстіне мұғалімдердің жүктемесін азайту және оларды артық жұмыстан босату мәселелері шешімін тапқан жоқ», - деді Жұмаділдаева мәжілісте өткен ҚХА депутаттарының отырысында.

Ол білім және ғылым министрлігінің жаңа басшысы бұл заң жобасын әзірлеуге жауапкершілікпен қарайтынына үміттенетінін жеткізді.

«Өз кезегінде депутаттық корпус та заң жобасын оңтайлы мерзімде пысықтауға дайын. Себебі заңның қабылуы елдің экономикалық және саяси тұрақтылығын қамтамасыз етеді. Бұл жай ғана сөз емес», - деді депутат.

Еске сала кетсек, өткен жылдың күзінде Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев мұғалімдердің мәртебесі туралы заң қабылдауды тапсырған болатын. «Педагог мәртебесі» туралы заң жобасын әзірлеу барысында 8 мыңнан астам ұсыныс түсіп, құжат мұғалімдердің қатысуымен біраз талқыланды.

Заң жобасы осы жылдың ақпан айында парламентке енгізіліп, маусымда Президент қол қояды деп жоспарланған еді.


Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

MAQALADA

ұстаздар
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир