Қасым-Жомарт Тоқаев Президент қызметіне кірісті. Ол Парламент палаталарының бірлескен отырысында Қазақстан халқына ант берді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Рәсім басталғанда қос палатаның депутаттары, министрлер жиналған Парламентке Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев кірді. Салтанатты рәсімге қатысушылар кеше ғана Президенттік өкілеттілігін тоқтатқан Нұрсұлтан Назарбаевқа ілтипаттарын білдіріп, ерен еңбегін бағалап, ұзақ уақыт қошемет көрсетіп, қолпаштады. Рәсім барысында көңілдері босап, көзіне жас алғандар да болды.
Елбасы Президенттік өкілеттілігін өз бетімен тоқтатқанын Конституциялық Кеңес төрағасы Қайрат Мәми мәлімдегеннен кейін Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің Конституциясын ұстап, Қазақстан халық алдында ант берді.
«Қазақстан халқына адал қызмет етуге, Қазақстан Республикасының Конституциясы мен Заңдарын қатаң сақтауға, Азаматтардың құқықтары мен Бостандықтарын кепілдік беруге, Қазақстан Республикамыздың Президентінің өзіме жүктелген мәртебелі міндетін адал атқаруға салтанатты түрде ант етемін», – деді Қазақстан Республикасының президенті Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жетістіктеріне тоқталды. Ол өз сөзінде аса күрделі геосаяси жағдайға, көптеген теріс болжамдарға қарамастан, еліміздің Тұңғыш Президенті, Қазақстанды демократиялы ел етіп, бейбітшілік пен келісім символына айналдырып, оны әлемге танытты деді.