ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Елена Рыбакинаны құттықтады, деп хабарлайды Almaty.tv.
Қазақстандық теннисші Елена Рыбакина жеңіске жетті. Бұған дейін де талай сайыстарда топ жарған спортшымыз бұл жолы беларустық Арина Соболенкомен бақ сынасып, озық шықты. 2 үздіктің арасындағы ойын 2 сағат 6 минутқа созылды. Тартысты бәсекеде теннисшілер барын салды. Шын шеберлік сынға түскен шақта отандасымыз есе жібермеді. Қарсыласынан басым түсіп, алғаш рет бұл турнирде топ жарды.
«Керемет сезім. Бұл өте ауыр, бірақ осында өткен ең жемісті 2 апта болды. Екеуімізде де мүмкіндік болды, алайда соңында ойын менің пайдама шешілді. Асқақ арманым да, негізгі мақсатым да – әлемнің бірінші ракеткасы болу», – деді Indian wells masters турнирінің жеңімпазы Елена Рыбакина.
Рыбакина осы жеңісінен кейін әлемнің 7-ракеткасы атанды. 23 жасында елдің даңқын асқақтатып, көптің алғысына бөленген отандасымызды Мемлекет басшысы да құттықтады. Әлеуметтік желідегі жеке парақшасында спортшының жетістігіне өз ризашылығын білдірді.
«Индиан-Уэллстегі беделді турнирде жарқын жеңіске жеткен Елена Рыбакинаны құттықтаймын! Біздің спортшымыз асқан шеберлігін, жеңіске деген мұқалмас ерік-жігерін және спорттағы жоғары мәдениет үлгісін көрсетті. Елена әлемдегі үздік корттарда жаңа жетістіктерге жете береді деп сенемін», – деді ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Еске салсақ, Елена Рыбакина алғаш рет Индиан-Уэллс мастерс турнирінің чемпионы атанды.