АҚШ компаниялары Қазақстанды сотқа берген: 180 млн долларлық іске нүкте қойылды

13.05.2019 15:32

Tengrinews.kz


Қазақстанның энергетика министрлігі мен америкалық компаниялар арасындағы сот ісі Қазақстанның пайдасына шешілді, деп хабарлайды әділет министрлігінің баспасөз қызметі.

2019 жылы 26 сәуірде Колумбия округінің соты (АҚШ) америкалық компаниялардың - Turan Petroleum, Inc. (Делавэр штаты), Energyfund, Inc. (Колумбия округы) және Trustees for Trek Resources, Inc. (Невада штаты) – Қазақстанның энергетика министрлігіне қарсы 180 миллион АҚШ долларынан асатын талап арызын қабылдамады.

Талап арызға сәйкес Арыс және Арал мұнай-газ кен орындарын игеру және пайдалану туралы келісімшарттардың талаптары бұзылыпты. АҚШ пен Қазақстан арасындағы инвестицияларды көтермелеу және өзара қорғау туралы келісім («Екіжақты инвестициялық келісім») бойынша арызданушылардың құқығы бұзылып, міндеттер орындалмаған, заңсыз жолмен пайда табу, сондай-ақ деректерді бұрмалау және жұмысқа деген салғырттық орын алыпты.

Сот бұл істі АҚШ-тың «Шетелдік тәуелсіз иммунитеттер туралы» заңы бойынша қабылдамады. Колумбия округтік сотының шешіміне сәйкес бұл дауға қатысты Қазақстан ұстанымының дұрыстығы толығымен расталып, сотта елдің энергетика министрлігі жеңіп шықты.


Теги: иск