Президент АҚШ-тың саяси және сарапшы топ өкілдерімен кездесті

Tengrinews.kz
Tengrinews.kz
Бүгінде еліміздегі америкалық инвестицияның жалпы көлемі 45 млрд доллардан асқан
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Бас қосу барысында мемлекет басшысы Қазақстан-Америка арасындағы қатынастың қазіргі жағдайы мен даму перспективалары, сыртқы саясаттың негізгі басымдықтары, Қазақстанның сауда-экономикалық және инвестициялық әлеуеті туралы баяндады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ-пен ынтымақтастықты арттыру біздің ел үшін аса маңызды екенін атап өтті.

«Біз Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың 2018 жылдың қаңтар айында АҚШ-қа жасаған ресми сапары барысында қол жеткізген келісімдерінің жүзеге асырылуына ерекше мән береміз. Бұл сапар екі ел арасындағы кең ауқымды стратегиялық әріптестіктің негізін қалады. АҚШ Қазақстан экономикасының ірі инвесторларының бірі. Бүгінде америкалық инвестицияның жалпы көлемі 45 млрд доллардан асқан», – деді ҚР Президенті Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ.

Президенттің айтуынша, Қазақстан алдағы уақытта да америкалық бизнес өкілдерімен ұзақ мерзімді экономикалық байланыстарды нығайтуға ниетті. Өз кезегінде АҚШ тарапы да екіжақты ынтымақтастық деңгейін жоғары бағалап, Қазақстанмен өзара тиімді стратегиялық ынтымақтастықты одан әрі нығайтудың әлеуеті зор екенін жеткізді.

Айта кетейік, 1961 жылы құрылған «Атлантикалық кеңес» АҚШ-тың жетекші сараптамалық және ғылыми орталықтарының бірі саналады. Кеңес трансатлантикалық байланыстар, интеграциялық процестер, қауіпсіздік және қоршаған орта мәселелерін зерттеумен айналысады.


Новости партнеров