Тоқаев: Қарулы Күштердің басты міндеті - Тәуелсіздік пен ел аумағын қорғау

04.05.2019 16:01

Мемлекет басшысы далада тігілген әскери лагерде болып, «солдат ботқасынан» дәм татты

Акорда

Мемлекет басшысы - Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Айбалта-2019» стратегиялық командалық-штабтық оқу-жаттығуына барды, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі Ақорданың баспасөз қызметі.

Мемлекет басшысына «Айбалта-2019» командалық-штабтық оқу-жаттығуының негізгі кезеңдері мен міндеттері туралы баяндалды. Оқу-жаттығу барысында шартты қарсыласты жою кезіндегі Қарулы Күштердің мүмкіндіктері көрсетілді. Қазақстан Президенті командалық пунктке барып, әскери техникалар мен қару-жарақ үлгілерін, инфрақұрылымдық нысандарды, соның ішінде модульді жылжымалы госпитальді, механикаландырылған нан зауытын, азық-түлік қоймасын, пилотсыз ұшатын аппараттарды басқару пунктін аралап көрді.  

Жоғарғы Бас қолбасшы әскерилерді оқу-жаттығуды табысты аяқтауымен, сондай-ақ, алдағы Отан қорғаушылар күні және Жеңіс күні мерекелерімен құттықтап, қызметтеріне табыс тіледі.

«Қарулы Күштердің басты міндеті – Тәуелсіздік пен ел аумағының тұтастығын қорғау. Мемлекеттің сенімді қалқаны әрі тірегі саналатын Қазақстан армиясы күшті әрі мобильді. Бүгін сіздер тәуелсіз Қазақстанның Қарулы Күштерінің қуатын көрсеттіңіздер. Әскери бөлімшелер кәсіби дағдылары мен жауынгерлік рухын іс жүзінде дәлелдеді», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.  

Мемлекет басшысы далаға тігілген әскери лагерде болып, «солдат ботқасынан» дәм татты, қатардағы сарбаздармен әңгімелесті.

Теги: Учения