|
30.06.2022 | 15:19
4492

Қазақстан бітімгерлерді Африкаға жібереді

Қазір Батыс Сахарада – 6, Ливандағы уақытша күштерде 9 әскери қызметші қызмет атқарып жүр

Қазақстан бітімгерлерді Африкаға жібереді nur.kz

Парламент Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 430 әскери қызметшіні БҰҰ-ның бітімгерлік миссияларына жіберу туралы ұсынысын қолдады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Парламенттің бірлескен отырысында Мемлекет басшысының қазақстандық әскерилерді бітімгерлік миссияларға жіберу туралы ұсынысы қаралды. Президенттің ұсынысын қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов оқып берді.

Айтуынша, қазіргі уақытқа дейін Қарулы күштердің әскери қызметшілері Парламент қаулыларына сәйкес бейбітшілік пен қауіпсіздікті қолдау жөніндегі халықаралық міндеттемені орындау үшін БҰҰ бітімгершілік миссияларына жіберіліп отырды. Қазір Батыс Сахарада – 6, Ливандағы уақытша күштерде 9 әскери қызметші қызмет өткеріп жатыр.

"Өңірде және әлемде болып жатқан соңғы оқиғалар қауіпсіздікке төнетін сын-қатерді жоққа шығармайды. Осыған байланысты әскердің жауынгерлік әзірлігін одан әрі нығайту, қазіргі сын-қатерге қарсы әрекет етуде тәжірибе жинақтау мәселесі өзекті болып отыр. Осы тұрғыда Ұйым жарғысының жетінші тарауына сәйкес Қарулы күштердің Орталық Африкада, Конго Демократиялық Республикасында, Малиде бітімгершілік миссияға қатысуын кеңейтуді орынды деп санаймын", - делінген Президенттің ұсынысында.

Қазақстан штаб офицері, әскери байқаушы ретінде қазіргі уақытта миссияда анағұрлым тапшы болып табылатын жаяу әскер, медициналық, барлау, инженерлік, әскери полиция бөлімшесін бөлуге дайын. Бұл тәжірибе әскеріміздің жауынгерлік даярлығын жетілдіру, оларды одан әрі дамыту бойынша ұсыныс дайындау үшін қолданылады.

Осының негізінде Конституцияның 53-бабына сәйкес бітімгершілік контингент – жалпы саны 430 әскери қызметшіні:

Орталық Африкадағы тұрақтандыру жөніндегі миссияға;

Конго Демократиялық Республикасындағы тұрақтандыру жөніндегі миссияға;

Малидегі тұрақтандыру жөніндегі миссияға;

"Ливандағы уақытша күштер" миссиясына жіберу туралы ұсыныс енгізілді.

Парламент депутаттары Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұсынысын қолдады.

Айта кетері, 2014 жылдан бастап 45 офицер Батыс Сахарадағы, Кот-д’Ивуардағы, Ливандағы миссияға әскери байқаушы және штаб офицері ретінде, 2018 жылдан бастап 520 әскери қызметші бітімгершілік бөлімше құрамында "Ливандағы уақытша күштер" миссиясына қатысты.

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир