ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына Ұлытау жұртының атынан алғыс айтылған хат жолданды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
«Жаңа Қазақстан: Жаңару мен жаңғыру жолы» атты биылғы Жолдауында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жезқазған өңірін Қарағанды облысының құрамынан шығарып, Ұлытау атты облыс құруды тапсырған болатын.
«Kazakhmys Holding» ЖШС еңбеккерлері мен Ұлытау-Жезқазған аймағы халқының атынан 11 мыңнан астам адамның қолы қойылып жолданған хатта Мемлекет басшысына осы шешімі үшін алғыс айтылған.
«Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы! Сіз Мемлекет басшысы ретінде Ұлытау-Жезқазған жеріне екі мәрте жұмыс сапарымен келдіңіз. Сол екі сапарыңыз да Ұлытау аймағы жұртына соны серпіліс әкелді. «Ұлытау-2019» халықаралық форумы мен «Жошы хан» тарихи-мәдени кешені – соның нақты дәлелі. Ұлытау жерінде өткен халықаралық форумда Сіз: «Ұлытау топырағы – алып тұлғалардың рухы тоғысқан жер», - деп ұлт ұясы атанған жерге, оның тарихи орнына зор баға берген болатынсыз. Жолдауыңыздағы «Ұлытау облысы ашылып, оның орталығы Жезқазған қаласы болады» деген сөзіңіз Ұлытау топырағында тоғысқан алып тарихи тұлғалар рухына жасаған перзенттік, азаматтық тағзымыңыз болды», - делінген хатта.
Хат иелерінің пайымынша кейінгі 25 жыл аталған өңірдің өндірісіне де, халқына да оңай тимеген.
«Ширек ғасырға жуық уақыт ішінде өндірісті қала Жезқазғанның да, Ұлытау ауданының да өңі кетіп, өзегі тала бастап еді. Енді бұл аймақ қайта түлеу кезеңін бастайды. Сарыарқаның осы пұшпағын жайлаған қалың жұрт, өндіріс еңбеккерлері, ардагерлер мен жастар Сізге осы шешіміңіз үшін шын жүректен рақметін айтып, алғысын жеткізеді», - деп жазылған хат мәнінінде.