Биыл 836 әкім тікелей дауыс беру арқылы сайланады
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев сайлау заңнамасына өзгерістер енгізу туралы заңға қол қойды. Заң саяси партиялардың мәжіліске өту шегін 7%-тен 5%-ке дейін төмендетуді көздейді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Sputnik Қазақстанға сілтеме жасап.
Заңға қол қойылғаннан кейін барлық сайлау кезінде бюллетеньдерде "барлығына қарсы" деген баған пайда болады. Бұған дейін қазақстандықтарда мұндай құқық болмады, сондықтан сайлаушылар ұсынылған кандидаттардың біріне міндетті түрде дауыс беруі керек еді.
Сонымен қатар заңға сәйкес, аудандық маңызы бар қалалардың, ауыл және ауылдық округтердің әкімдері тікелей сайланады.
Қазір елімізде 2 345 әкімшілік-аумақтық бірлік бар. Оның ішінде биыл 836 әкім тікелей дауыс беру арқылы сайланады. Мемлекеттік қызмет туралы заңға сәйкес, Қазақстанның 25 жасқа толған кез келген азаматы сайлана алады.
Заңнамалық түзетулер партиялардың рөлі мен бәсекелестігін арттыруға мүмкіндік береді, азаматтардың сайлау құқығын пайдалануға ұмтылуына себепкер болады. Сондай-ақ, ауыл әкімдерін халықтың мәселесіне ден қоюына әсер етеді деп жоспарланған.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2021 жылдың қаңтарында парламент сайлауынан кейін партиялардың парламентке өту шегін 7%-тен 5%-ке дейін төмендетуді ұсынды.
Сол кезде мемлекет басшысы 7 процент дауыс жинай алмаған партия өкілдері парламентте пікірталас тудыра алуы мүмкін екенін айтты. Ол сондай-ақ мұндай бастама тіркелген партияларды келесі сайлауға қатысуға ынталандыратынын атап өтті.