Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен Үкімет отырысы басталды

30.01.2019 16:45

Tengrinews.kz.

ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен Үкіметтің кеңейтілген құрамдағы отырысы басталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Елбасының қатысуымен Үкіметтің мұндай отырысы жыл басында тұрақты түрде өткізіліп келеді. Бүгінгі жиынға Үкімет мүшелері, Астана, Алматы және Шымкент қалалары мен облыстардың әкімдері, орталық мемлекеттік органдар мен министрліктер басшылары қатысуда.

«Біз бүгін өткен жылдың қорытындысын шығарайық деп отырмыз. Былтыр істелген жұмыстар осы жердегі бәріміздің атқарған шаруамыздың нәтижесі. Барлық әкімдіктердің, министрліктердің, жалпы мемлекет қызметкерлерінің істеген жұмысы, оның ішінде мен де бармын», – деді отырысты ашқан Елбасы.

Мемлекет басшысы бүгінгі Үкіметтің кеңейтілген отырысында алдымен өткен жылдың әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысы қаралатынын айтты.

Айта кетейік, отырыста еліміздің өткен жылғы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысы мен биылғы жылғы жоспары жайында ҚР Үкімет басшысының орынбасары Ерболат Досаев, ақша-кредит саясаты жайында ҚР Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев, агроөнеркәсіп кешенін дамыту дайында ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Ауыл шаруашылығы министрі Өмірзақ Шөкеев, инфрақұрылымдық даму жайында Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Жеңіс Қасымбек баяндама жасайды. Бұдан бөлек, өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуы жайында Жамбыл және Батыс Қазақстан облыстарының әкімдеріне сөз беріледі.