65 жастан асқан депутаттар мәжілістің жалпы отырысына қатысқан жоқ

26.03.2020 21:02

Халық қалаулыларының барлығы жұмысқа бетперде киіп келген

Almaty.tv

65 жастан асқан депутаттар мәжілістің жалпы отырысына қатысқан жоқ, деп хабарлайды inbusiness.kz.

Өткен аптадағы мәжіліс отырысында депуттардың бірлі-жарымын ғана  маскамен көрсек, бүгін басым бөлігінің бет-ауызын тұмшалап алғанын аңғардық.  Жиынға қатысушылардың отырғызылу тәртібіне өзгеріс енгізіліпті.

Бұл туралы мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин: «Өздеріңіз көріп отырғандай, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының санитарлық нормаларына байланысты бүгін сіздер бизнес-санаттағыдай бір-бірлеріңізден алшақ орналастырылдыңыздар», – деді.

Мәжіліс төрағасы жалпы отырысқа депутаттар неге толық құраммен қатыспағанын түсіндірді.  «Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұсынысына сәйкес, біз кейбір, оның ішінде 65 жастан асқан депутаттарға мәжілістің жалпы отырысына қатыспауға, үйде болуға рұқсат бердік. Алаңдамаңыздар, барлығы аман», – деді Нұрлан Нығматулин.

Сөз арасында ол бұдан бұрын мәжілістің жалпы отырыстарын өткізу тәртібіне өзгеріс енгізілгенін еске салды.  «Жалпы отырысқа депутаттар мен негізгі баяндамашылар ғана қатысып жүр. Басқа мүдделі органдардың, қоғамдық, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері шақырылып жатқан жоқ», – деді мәжіліс төрағасы.