Бүгін «Nur Otan» партиясының кезектен тыс XXII съезі өтіп жатыр
«Nur Otan» партиясының атауын «Аманат» деп өзгерту туралы шешім қабылданды. Бұл ұсынысты партияның кезектен тыс съезінде Президент қолдады. Өз сөзінде мемлекет басшысы атауға қатысты бірнеше ұсыныс болғанын атап өтті. Сонымен қатар көшбасшы партияның негізгі жаңа міндеттері айқындалды. Халық күтіп отырған нақты өзгерістер қашан, қалай жүзеге асу керек екені айтылды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Еліміздегі ірі саяси ұйымның атауы өзгерді. «Nur Otan» партиясы енді «Аманат» деп аталады. Неге «Аманат» деген сұраққа мемлекет басшысы түсінік берді. Егемендіміз, елдігіміз бен бірлігіміз, кең байтақ жеріміз - бабалардан жеткен аманат. Осы қастерлі құндылықтарымызды көздің қарашығындай сақтап, болашаққа мирас етуіміз керек. Халқымыз ешқашан аманатқа қиянат жасамаған деді партия төрағасы.
«Партия барлық реформаға ұйытқы болуға тиіс. Ол үшін өзгерісті алдымен өзімізден бастауымыз керек. Сондықтан бүгінгі күн тәртібіндегі негізгі мәселе – Партияны жаңғырту. Заман, қоғам, адам өзгеріп жатқанда, партияның өзгеруі – заңдылық. Бұл – уақыт талабы. Осыған орай жаңа ғана айтылғандай, саяси ұйымның атауын Аманат деп өзгерту ұсынылды. Жасыратын ештеңе жоқ, мен де бұл мәселеге байланысты пікірталасқа қатыстым. Бірнеше ұсыныс болды, соның ішінен Аманат деген атауға тоқтадық. Бұл - еліміз үшін де, ұлтымыз үшін де айрықша мәні бар киелі ұғым», - деді Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент партия жұмысын жандандыру бойынша бірқатар тапсырмалар берді. Атап айтсақ, Мәжіліс пен мәслихаттардың жұмысына жаңа бағыт керек деп атап өтті. Бұдан былай саяси ұйым атынан сайланған мәслихат депутаттарының рейтингі жарияланып отырады. Партиялық мобильді қосымша іске қосылады. Партия жанында ашылған түрлі кеңестер мен комиссиялардың жұмысын да сынға алды. Оларда мәселелер қайталанып талқыланады. Алайда, нақты шешімдер сирек қабылданады деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
«Партия популизмге салынып, орындалмайтын уәде бермегені жөн. Сонда Премьер-министр мен кабинет мүшелерінен қажетті сандарды талап етуге де жол берілмейді. Егер осылай жалғаса берсе, күдік күшейіп, адамдардың партияға деген сенімі жоғалады. Ал оның партияға кері әсері тиеді. Мұндай көзбояушылықтың салдары адамдардың әлеуметтік көңіл-күйіне және ішкі саяси тұрақтылыққа ықпал етеді. Бұған, әсіресе, геосаяси тұрақсыздық жағдайында жол беруге болмайды. Сайлаушылармен кері байланысты күшейткен жөн және осы бағытта қоғамдық қабылдаулардың әлеуетін барынша пайдалану қажет», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент жастар мәселесін де тілге тиек етті. Жастар мен қабілетті кадрларға жол бермеуіміз – үлкен кемшілігіміз деп атады.
«Партиямыз кадрлар ұстаханасына айналып, сайлаушылармен жұмыс істей алатын қазіргі заман саясаткерлерін және мемлекеттік қызметшілерді дайындауы тиіс. Ашығын айтсақ, бүгінде бізде саяси менеджерлерді дайындау ісі ақсап тұр. Қазіргі жағдайда саяси басшылар түрлі мамандық иелерімен, жастармен, журналистермен, халқымыздың барлық өкілімен сөйлесе білуі тиіс. Және мұндай адамдар бізде аз емес. Бір ғана проблема – ол әлеуметтік лифтінің жоқтығы», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Партия Төрағасы орталық аппаратқа жұмыс тобын құрып, партияның жаңа тұғырнамасын әзірлеуді тапсырды. Оның айтуынша, Аманат – озық ойлау мен әділдіктің, бірлік пен алға ілгерілеудің партиясы, халықтың пікірі мен ел мүддесін ескеретін азаматтарымыздың игілігі жолында қызмет ететін негізгі ұйым. Украинада болып жатқан қазіргі жағдайда айтылған барлық мәселенің мәні зор деді. Қасым-Жомарт Тоқаев елдің қауіпсіздігі мен халықтың әл-ауқатын қамтамасыз ету үшін қолдан келгеннің бәрін жасауға уәде берді.
16 наурызда саяси реформалардың жаңа бағдарламасын ұсынатынын жеткізді Президент. Қазір партиялар арасында бәсеке күшейген. Бұл орайда партияның басты саяси күш ретіндегі рөлін сақтау маңызды деп атап өтті. Бастысы ұйым әрдайым ел мүддесін қорғайтын нағыз халықтық партия болып қалуы керек деп түйіндеді.
Асылбек Тойбек, «Алматы» телеарнасы, Нұр-Сұлтаннан