Бүгін Қасым-Жомарт Тоқаев пен Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпин шағын құрамда келіссөз жүргізді. Мәртебелі мейманды біздің Президент Ақордада күтіп алды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанға мемлекеттік сапармен келген Қытай халық республикасының төрағасын Ақорданың кіреберісінен қарсы алды. Таңертең Астанада жаңбыр себелеп тұрған еді. Екі елдің басшысы қолшатыр ұстады. Бірақ Ақордаға бірден кірген жоқ. Есіктің алдында қалаға қарай бұрылып, ұшқыштардың өнерін тамашалады. Әскери ұшақтар Астананың аспанында Қытай туындағы түстердің бояуын шашып өтті. Дәл осы шоудан кейін біздің Президент пен мәртебелі мейман Ақорданың ішіне бет алды. Ары қарай протокол бойынша, қос мемлекеттің басшылары делегацияның қолын алып, амандасты. Содан соң, алдымен Қытайдың, кейін Қазақстанның әнұраны орындалды.
Айтпақшы, дәл осы кадрлардың барлығын журналистер Қазмедиа орталығында тамашаладық. Осында баспасөз орталығы ұйымдастырылып, қарсы алу рәсімін тікелей эфирден көріп отырдық. Негізгі рәсім аяқталған соң, Қасым-Жомарт Тоқаев пен Си Цзиньпин шағын құрамда келіссөз жүргізуге аттанды. Қазақстан Президенті екі ел арасындағы байланыстар тұрақты әлеуметтік, экономикалық дамуға, халықтарымыздың әл-ауқатын жақсартуға зор септігін тигізіп отырғанын баса айтты.
"Былтыр өзара тауар айналымы 41 млрд доллардан асты. Бұл – рекордтық көрсеткіш. Қазіргі таңда 45 ортақ инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатыр. Оның жалпы құны - 14,5 млрд доллар. Жобалар өнеркәсіп, энергетика, көлік, транзит, жасыл экономика, ауыл шаруашылығы және басқа да салаларды қамтиды. Сонымен бірге екі елдің мәдени-гуманитарлық байланыстары жандана түсті. Жоғары мәртебелі Төраға! Осы жетістіктердің бәрі Сіздің жеке қолдауыңыздың арқасында табысты жүзеге асқанын айрықша атап өткім келеді", – деді Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Өз кезегінде Қытай төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевқа Қазақстанға шақырғаны үшін алғыс айтып, Қазақстанмен достықты сақтауға деген ұмтылысымыз өзгермейді деді. Си Цзиньпин өз сөзінде Бейжіңнің Қазақстанға қатысты саясаты өзгеріссіз қалатындығын жеткізді.
"Халықаралық жағдай қалай өзгерсе де Қазақстанмен достықты сақтауға деген ұмтылысымыз және көпқырлы ынтымақтастықты дамытуға деген шешіміміз және негізгі мәселелер бойынша бір-бірімізді қолдауға деген ұмтылысымыз өзгеріссіз қалатынын тағы да атап өткім келеді. Ұлттық даму міндеттерін орындауға деген сеніміміз де өзгеріссіз қала береді", - деді Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпин.
Екі жақты келіссөзден кейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпин Транскаспий дәлізі арқылы Қытай-Қазақстан-Еуропа бағытындағы алғашқы көлік керуенін салтанатты түрде аттандырды. Көлік керуенінің сапары 10 күнге созылады, ұзындығы - 4 мың 800 шақырым. Керуен Қазақстанның 8 өңірінен өтіп, бүгін Құрық портына жетті. Бұл бағыт Қытай мен Қазақстан арасында экономикалық және сауда ынтымақтастықты одан ары дамыта түседі дейді тараптар. Айта кетейін, Си Цзиньпин Шынхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің саммитіне де қатысады.
Оқи отырыңыз: ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин Қазақстанға келеді