Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқының және жеке өзінің атынан Садыр Жапаровты екі ел арасындағы Одақтастық қатынастар туралы шартқа қол қойылғанына 20 жыл толуымен құттықтады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Ақордаға сілтеме жасап.
– 2003 жылғы шарт қазақ-қырғыз қатынастарының дамуында жаңа кезеңнің басталғанын білдіреді. Біздің көпжақты мемлекетаралық байланыстарымызды тиімді ілгерілету үшін берік шарттық-құқықтық негіз қаланды. Барлық деңгейдегі белсенді саяси диалог, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастықтың қарқынды дамуы, сондай-ақ екі елдің халықаралық аренадағы тығыз ықпалдастығы – соның айқын дәлелі, – деп жазылған жеделхатта.
Қасым-Жомарт Тоқаев бірлескен күш-жігердің арқасында Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы стратегиялық серіктестік пен одақтастық қатынастар одан әрі нығайып, екіжақты ықпалдастықтың орасан зор әлеуеті бауырлас халықтардың игілігі үшін қызмет ете беретініне сенім білдірді.