Латын әліпбиіне көшу мәселесінде асығыстық танытуға болмайды. Бұл туралы бүгін Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің екінші отырысында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев айтты. Жан-жақты сараптау және жаңа әліпбидің барлық аспектілерін әзірлеу қажет, себебі ұсынылған үш нұсқасы да жетілдірілмеген, деді мемлекет басшысы. Бұдан бөлек Ұлттық кеңес отырысында қоғамда қордаланған көптеген мәселелер өзекті көтерілді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Ұлттық кеңестің алғашқы отырысында айтылған мәселелердің көбі шешілген. Демек, қоғамның белсенді мүшелерінен, саясаткерлер мен мемлекеттік қызметшілерден, журналистерден құралған кеңестің ықпалы зор. Президент те тындырылған жұмыстарға көңілі толатынын білдірді. Бірақ, елдің дамуына кедергі келтіретін мәселелер әлі де баршылық. Оларды тізіп шығауға жарты сағат кетті. Ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға кешенді әлеуметтік патронаттық қолдауды күшейту мәселесіне мемлекет басшысы ерекше тоқталды.
«Еңбек етуге ынталандырудың жаңа тәсілдеріне мән беріліп, атаулы әлеуметтік көмекті асыра пайдалану барынша азаяды. Сонымен қатар ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға кешенді әлеуметтік патронаттық қолдауды күшейту керек деп санаймын. Білім алуға, жұмысқа орналасуға, тұрғын үй мәселесін шешуге арналған негізгі талаптар баршаға түсінікті болуы қажет», - деді ҚР Презиенті Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ..
Қазақстанда көлеңкелі экономика мәселесі күрделі проблемалардың біріне айналған. Жалған фирмалар ашып, ақша жымқырудың сан түрі тәсілдері қолданылады. Бұған қарсы тиімді күрес жүргізе алмай отырмыз, деді Президент.
«Соның салдарынан кінәсіз кәсіпкерлер де зардап шегеді. Ал нағыз ұйымдастырушылар жауапкершіліктен құтылып кетеді. Сондықтан заңсыз айналымға қарсы күрес шараларын күшейтіп қана қоймай, бұл істе тың серпіліс жасау керек. Кеңес мүшелері осы жұмысқа бизнес өкілдерін жұмылдыруды ұсынды. Өздерінің ықтимал контрагенттерін бағалау және тексеру үшін оларға тиімді құрал беру қажеттігі айтылды», - деді ҚР Презиенті Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ.
Жұмыс берушілер мүмкіндігі шектеулі адамдарды қабылдауы үшін арнайы квота бөлуі тиіс. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметі бойынша, еліміздегі 106 мың мүмкіндігі шектеулі адамның 25 пайызы ғана жұмыспен қамтылған. Осы орайда Қазақстан Президенті ел Үкіметіне аталған міндеттің орындалу барысын қадағалауды тапсырды.
«Орындамаған жағдайда өтемақы төлеу мәселесін қарастыруы керек. Барлық аймақтарда еңбекпен қамту және әлеуметтік оңалту орталықтары жұмыс істеуі тиіс. Ақмола, Ақтөбе, Алматы және Батыс Қазақстан облыстары мен Нұр-Сұлтан, Шымкент қаласында мұндай орталықтар жоқ. Бұл – үлкен кемшілік. Сондықтан мұндай орталықтарды қалайда ашуды тапсырамын. Осы жұмысты мемлекет пен жекеменшіктің әріптестігі арқылы іске асыруға болады», - деді ҚР Презиенті Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ.
Бұдан бөлек, Ұлттық кеңестің екінші отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Есеп комитетіне аудиторлық қызметтің нәтижелерін жариялауға тапсырма берді. Ал, Ұлттық банк 2020 жылдың 1 сәуіріне дейін сыртқы қарыздың бірыңғай тізілімін әзірлеуі тиіс. Тағы бір жүктелген міндет - Қазақстандық ірі кәсіпорындарда жұмыс істейтін шетелдік және отандық жұмысшылардың экономикалық құқықтарын теңестіру керек. Яғни шет елден келетін жұмыс күшін 40%-ға пайызға дейін қысқарту қажеттігі айтылды. Одан өзге ауыл шаруашылығы жерлерін ғарыштан бақылау жұмыстарын жүргізу аса маңызды деді Президент. Бұл пайдаланылмай немесе тиімсіз игеріліп жатқан жерлерді қайтарып алуға көп көмек болмақ. Сондай-ақ Ұлттық кеңестің бастамасымен бірқатар Заңдарға толықтырулар мен өзгертулер енгізіледі.
«Қылмыстық Кодексте 130-бап болмайтын болды. Оның орнына әкімшіілк органдарына берілетін болды. Сонымен тағы айтатын 174-бапқа да өзгертулер енгізілетін болады. Алауыздық қоздыру дегеннің орнына басқа диспозиция келетін болады», - деді құқық қорғаушы Айман ОМАРОВА.
«Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтқандарынан ұнағаны – оппозицияда балама ойдан қорқудың еш негізі жоқ. Жалпы бұл өркениеттің мәселесі. Ең басты осы түйткілдерді өркениетті, саяси мәдениет арқылы шешіп отыру керек. Мейлі, митниг бола ма, мейлі саяси партиялардың бір дискуссиялары бола ма, бұны өркениеттендіру, мәдениеттендіру жолына түсу керек. Айналып келгенде, демократия. Мұнымен мен толықтай келісемін», - деді саясаттанушы Расул ЖҰМАЛЫ.
Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі - түйткілді мәселелердің түйінін тарқататын, халықтың озық идеялары мен ұсыныстарын бір арнаға тоғыстыратын алаң. Сол себепті Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қоғамның кем-кетігін жоятын нақты шараларды жалғастыра беру керек деді. Ол үшін мәселенің мәнісін жете түсініп, қабылданған шешімдерді шашау шығармай орындаған жөн деп атап өтті.
Асылбек Тойбек, «Алматы» телеарнасы