ЕАЭО аумағында авторлық құқық қалай қорғалады?

13.03.2019 17:47

Bnews.kz.

Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «Авторлық және сабақтас құқықтарды ұжымдық негізде басқару тәртібі туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы мақұлданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Аталған келісімге Еуразиялық экономикалық одақ елдерінің вице-премьерлері 2017 жылғы 11 желтоқсанда Мәскеуде қол қойды.

«Бұл келісім Одақ аумағында құқықтарды ұжымдық басқару арқылы қазақстандық авторлардың мүліктік құқықтарын қамтамасыз етуге бағытталған. Өз кезегінде, Одаққа кіретін мемлекеттердің авторларының мүліктік құқықтары Қазақстан Республикасы аумағында қамтамасыз етілетін болады. Авторлардың Еуразиялық экономикалық одақ аумағында сыйақы алу құқығы іс жүзінде ұжымдық басқару арқылы жүзеге асырылады. Осыған байланысты, Келісім  ұжымдық басқару ұйымдарының негізгі қағидаттарын, құқықтары мен міндеттерін, оларды мемлекеттік бақылау нысандарын белгілеу арқылы ұжымдық басқарудың жалпы тәсілдерін реттейді», - деді ҚР Әділет министрі Марат Бекетаев.

Атап айтқанда, құжат аясында авторларға жиналған сыйақыны бөлу және төлеу, міндетті аудит жүргізу, ұжымдық басқару ұйымдарының міндеттерді орындамағаны үшін жауапкершіліктің негіздері қарастырылады.

Келісімге сәйкес, ұйымдар жиналған сыйақы сомасының елу пайызына дейін өзінің шығыстарын жабуға және арнайы қорлар үшін ұстап қалуға құқылы. Алайда  әр мүше мемлекет өз заңнамасында мұндай ұстап қалудың ең төменгі шекті жалпы мөлшерін белгілей алады. Мысалы, еліміздің ұлттық заңнамасына сәйкес, ұйымдардың шығыстарын жабуға арналған сомалар жиналған сыйақының жалпы отыз пайызынан аспауға тиіс.

«Келісімде реттелмеген мәселелер мүше мемлекеттердің ұлттық заңнамасына сәйкес шешілетін болады», - деді Марат Бекетаев.