Сенат спикері елдегі экологиялық мәселелерге қатысты пікір білдірді

Сенат спикері елдегі экологиялық мәселелерге қатысты пікір білдірді
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Парламент Сенатының спикері Дариға Назарбаева экологиялық тосын жағдайларға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Бүгінгі күні қоғамды аса толғандырып отырған бірнеше экологиялық тосын жағдайларға Үкіметтің назарын аударғым келеді. Өздеріңізге мәлім, өткен жылдың соңында Жайық өзенінде балықтың жаппай қырылуы орын алған болатын. Бұл төтенше жағдайдың мән-жайын анықтау үшін арнайы ведомствоаралық комиссия құрылып, тексеру шаралары жүргізіліп жатыр. Нәтижесінде, қылмыстық іс қозғалды. Дегенмен, балықтың жаппай қырылуының нақты себептерін және қоршаған ортаға келтірілген залалды анықтап, осы төтенше жағдайды қалыпқа келтіру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар жөнінде жұртшылықты кеңінен әрі ашық түрде хабардар етуге айрықша мән берілуі қажет», - Д. Назарбаева Сенаттың жалпы отырысында.

Сонымен қатар ол наурыз айында Маңғыстау облысындағы «Қаламқас» кен орнындағы өрт мәселесіне де тоқталды.

«Экологиялық мәселелерге жауапты мемлекеттік органдардың қоршаған ортаға және тұрғындарға әсер ететін ешқандай ахуал жоқ деген ресми мәлімдемелеріне қарамастан, бұл апатты жағдайға нақты баға берілуі тиіс. Ауаның, ілеспе судың және топырақтың сапасына күнделікті тексеріс жүргізу керек. Бұл мәселе Мемлекет басшысының жеке бақылауында. Сондықтан осы экологиялық мәселелерді еңсеру бойынша жедел шаралар қабылдау қажеттігіне Үкіметтің назарын аударамын. Қажет болған жағдайда осы салаға қатысты заңнамаға тиісті түзетулер енгізу жұмыстарын қолға алған жөн», - деді ол.

Осы орайда Д. Назарбаева еліміздегі киіктің мәселесіне де ерекше назар аудару қажеттігін атап өтті.

«Былтыр Сенатта экологиялық мәселелер қаралып, бірқатар ұсынысты Үкіметке жолдадық. Бұл ұсыныстар бойынша келген жауаптардың орындалуы деңгейіне зерттеу жүргізілу керек. Осы тақырыпты Сенат отырысының бірінде қарау керек деп ойлаймын», - деді Сенат спикері.  


Новости партнеров