Нұрсұлтан Назарбаев Эфиопия Федеративтік Демократиялық Республикасының президенті Сахле-Ворк Зеудеге көңіл айту жеделхатын жолдады, деп хабарлайды Ақорда.
Мемлекет басшысы ұшақ апаты салдарынан көптеген адамның қаза болғаны туралы хабарды зор күйзеліспен қабылдады.
«Осы қаралы сәтте Қазақстан халқының және жеке өзімнің атымнан қайғыға ортақтасып, қаза болғандардың туған-туыстары мен жақындарына, сондай-ақ барша Эфиопия халқына көңіл айтамын», – делінген жеделхатта.
Еске сала кетейік 10 наурыз күні таңертең бортында 157 адам болған Ethiopian Airlines әуе компаниясының ұшағы апатқа ұшырады.
Әуе кемесіндегілердің ешбірі тірі қалмаған.
Кейін ұшақта 33 мемлекеттің азаматтары болғаны олардың арасында Ресейдің үш азаматы да болғаны да анықталды.
Ал еліміздің Сыртқы істер министрлігі апат болған ұшақта қазақстандықтардың болмағанын мәлімдеді.