Ерлан Қошанов ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы болды

29.03.2023 в 18:01

Мәжілістің бірінші отырысында палатаның депутаттары ант берді

Бүгін ҚР Парламенті Мәжілістің төрағасы лауазымына Ерлан Қошанов сайланды, деп хабарлайды Almaty.tv. 

Атап айтқанда, ҚР Конституциясы 58-бабының 1-тармағына сәйкес, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы мемлекеттік тілді еркін меңгерген депутаттар арасынан Палата депутаттары жалпы санының көпшілік даусымен жасырын дауыс беру арқылы сайланады.

Ерлан Қошановтың кандидатурасын Мәжіліс депутаты Бақтықожа Ізмұхамбетов ұсынды.

Дауыс беру нәтижесі бойынша палата депутаттары ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы қызметіне Ерлан Жақанұлы Қошановты бірауыздан сайлады.

Айта кетейік, бүгін Мәжілістің бірінші отырысында палатаның депутаттары ант берді.