Алматыдағы сайлау учаскесінде заңсыздықтар болды деген ақпарат шындыққа жанаспайды

Алматыдағы сайлау учаскесінде заңсыздықтар болды деген ақпарат шындыққа жанаспайды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Бүгін «ҚазТАГ» ақпараттық агенттігі Алматыдағы №203 сайлау учаскесінде заңға қайшы әрекеттер болды деген ақпарат таратты. Мұндай ақпарат таратуға бақылаушы М.А.Ормановтың әлеуметтік желіге жүктеген хаттамасы негіз болған.

Дегенмен, заңсыздық болды деген ақпарат шындыққа жанаспайды, яғни жалған дейді №203 учаскелік сайлау комиссиясының төрайымы Айдана Серікқұлова.

«Ешқандай заңсыздық болған жоқ. Келген студенттердің бәрі уақытша тіркелгендер. Олардың кез келген уақытта дауыс беруге мүмкіндіктері бар. Түгел тізімге қосылған. «Карусель» болды деп жала жабудың қажеті жоқ», - дейді А.Серікқұлова.

«Аманат» азаматтық платформасының өкілдері де заңсыздықтың болмағанын айтты. Қазір қаладағы әр сайлау учаскесінде аталған ұйымның бақылаушылары жұмыс істеп жатыр.

«30 шақты студенттің келгенін көрдім. Бірақ, ешқандай заңсыздықты байқамадым, бәрі заңды өтіп жатыр», - дейді «Аманат» азаматтық платформасының мүшесі Сымбат Нұғманова.

Айта кетейік, бүгін Қазақстанда Президент сайлауы өтіп жатыр. Алматы тұрғындары 554 сайлау учаскесіне келіп, өз дауыстарын беріп жатыр.

Новости партнеров