Келісім барысында нақтылауды және шұғыл шешімдерді талап ететін кейбір мәселелер жабық формат негізінде талқыланды
Қазақстанға ресми іс-сапармен келген Беларусь басшысы Александр Лукашенко Президент Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездесіп, мемлекетаралық қарым-қатынасты нығайту, сауда экономикалық байланысты дамыту мәселелерін талқылады. Сондай-ақ екі ел көшбасшысы өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, көлік және логистика, жоғары технологиялар салаларындағы әріптестіктің көкжиегін кеңейту бойынша кеңесті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Екі ел Президентінің Ақордада кездесуі әдеттегідей, қарсы алу салтанатынан басталды. Одан кейін келіссөз жүргізумен жалғасты. Екі ел басшылары мемлекетаралық достық пен ынтымақтастық байланыстың берік орнағанын атап өтті. Бұл кездесу бірнеше салалардағы жаңа жобаларға серпін беретінін де айтты. Келіссөздерден кейін Қазақ Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Беларус Президенті Александр Лукашенко бірлескен мәлімдемеге қол қойды.
Қазақстан мен Беларусь басшылары сауда саласында алыс-берісті арттыру үшін ұзақ мерзімді арнайы жоспар қабылдады. Өнеркәсіп, әскери-техникалық әріптестік әлеуетін арттыруға басымдық беретіндерін жеткізді. Әсіресе ауылшаруашылығы саласында бірлескен бірнеше жобаларды жүзеге асыруға уағдаласты. Бүгінгі таңда Қазақстанда Беларусь капиталымен 340-қа жуық кәсіпорын жұмыс істейді. Оның ішінде екі елдің бірлескен 8 ірі кәсіпорны өнеркәсіп және ауыл шаруашылығы техникаларын құрастырады.
«Біздің елдердің географиялық ерекшеліктеріне сай, екі жақты қарым-қатынасты дамытуда транзиттік-көліктік байланыс ерекше рөлге ие. Қазақстан Азия қақпасы болса, Беларусь Еуропа көпірі. Мемлекеттеріміз «пойыз және жол» жаһандық бастамасының бір бөлшегі болып табылуы тегін емес. Оның жүзеге асуы сауда- экономикалық қатынасымызға тың серпін береді. Соңғы үш жылда Қазақстан мен Беларусь арқылы контейнерлік темір жол тасымалы Қытай-Еуропа-Қытай бағытында 6 пайызға ұлғайды», – деді ҚР Президенті ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ
Ал, Александр Лукашенко Қазақстанннан металл, бидай, мақта импорттауға дайын екендіктерін жеткізді. Әсіресе Қазақ елінің мұнайына қызығушылық танытып отыр. Алайда қара алтынды өз еліне тартуда мәселе туындап отырғанын жасырмады.
«Беларусиядан мұнай алуға үлкен мән беріп отыр. Сондықтан біз бұл шикізатты сіздердің елдеріңізден импорттауға ниеттіміз. Біз алдағы уақытта Ресеймен келіссөздер жүргізуге келістік. Өйткені бұл – транзит. Егер барлығы дұрыс шешіліп жатса, Қазақстан мұнайы Ресей аумағы арқылы бізге жеткізіледі. Келісеміз деп ойлаймын», – деді Беларусь республикасының президенті Александр ЛУКАШЕНКО
Беларусь Қазақстанды саудадағы стратегиялық серіктесі санайды. Соңғы екі жыл ішінде қос мемлекет арасындағы тауар айналымы 2 есеге өскен. Айтар болсақ, 2018 жылы ол 900 млн АҚШ долларын құрады. Алайда бұл көрсеткіш қарқынды дамып жатқан қос ел үшін өте төмен деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
«Бұл жақсы үрдіс, бірақ ол жеткіліксіз. Сондықтан бұл жұмыс жалғастырылуы тиіс. Сонымен қатар, Еуразиялық экономикалық одақтың орасан зор мүмкіндіктерін пайдалана отырып, біз қазіргі көрсеткіштерді айтарлықтай арттыруға тиіспіз», – деді ҚР Президенті.
Қазақстан мен Беларусь елінің арасында 2026 жылға дейін өзара әлеуметтік-экономикалық серіктестік туралы келісім жасалған. Бұл жолғы ресми кездесулер барысында да көші-қон, құқық қорғау, ұлттық қауіпсіздік, жылжымайтын мүлік, сыртқы істер салаларында бірнеше ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды. Кездесу соңында Александр Лукашенко қазақ еліне ризашылығын білдірді.
Сондай-ақ Қазақстан Президенті аймақтар арасындағы байланысты нығайтуға басымдық беріп отырғандарын алға тартты. Өз кезегінде Беларусь Президенті бұл бағытта Қазақстанның тәжірибесі мол екенін тілге тиек етті. Сонымен қатар Александр Лукашенко Қазақстан Президентін алдағы уақытта ресми сапармен келуге шақырды.