Украинадағы жағдай келіссөз арқылы шешіледі деп сенеміз – Мәулен Әшімбаев

24.02.2022 20:01
Азаттық радиосы

Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының әскерлері Ресей мен Украина арасындағы қарулы қақтығысқа жұмылдырылмайды. Өйткені бұл аймақ Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы әскерінің іс-қимыл аумағына кірмейді. Бұл туралы Сенат кулуарында жоғарғы палата төрағасы Мәулен Әшімбаев мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Спикер қазақстандық әскери қызметкерлер қақтығысқа қатыспайтынына сендірді. Алайда Біріккен Ұлттар Ұйымы мандаты аясында шешім қабылданған жағдайда, бітімгерлер жіберілуі мүмкін. Ол сонымен қатар, шиеленістің нәтижесінде Ресей рублі әлсіреп жатса, ол Қазақстанда теңгенің әлсіреуіне әкелуі мүмкін деді.  

«Жалпы экономикалық әсері тек Қазақстанға ғана емес, жалпы әлемдік экономикаға болатыны сөзсіз. Әлемдік экономикаға әсері болады. Соның ішінде әрине, Қазақстанға да өз әсерін тигізеді. Өйткені біздің Ресеймен қарым-қатынасымыздың деңгейін білесіздер», - деді ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев.

Спикердің айтуынша, жағдайдың ушыққанына қарамастан оны бейбіт жолмен, келіссөздер арқылы шешу қажет. Сенат Төрағасы келіссөздер барысында барлық қатысушы тараптардың мүдделері ескерілуі тиіс деп атап өтті.  

«Ресей де, Украина да біз үшін жақын мемлекеттердің бірі екенін білесіздер. Ресей – біздің ең ірі экономикалық сауда және экономикалық серіктестіктеріміздің бірі. Украина да бізге өте жақын мемлекеттің бірі. Сондықтан осы жағдай бейбіт жолмен, келіссөздер жолымен шешіледі деп сенеміз. Әлі де дипломатиялық келіссөз жүргізуге кеш емес», - деді Мәулен Әшімбаев.