Ауыз су, тозығы жеткен жол. Бүгін Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев Алатау ауданының тұрғындарымен кездесу өткізді. Халықтың мәселесін басты орынға қойған шаһар басшысы тұрғындар сауалына ашық жауап беріп, тиісті басшыларға бірден тапсырма жүктеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Жиын таңғы сағат 10-да басталды. Қала әкіміне қордаланған мәселелерін жеткізуге келген xалықтың саны өте көп. Әкім әуелі тұрғындарға алдағы уақытта Алматыны қай бағытта дамытатыны туралы тәптіштеп түсіндіріп берді. Бұл ретте әлеуметтік және денсаулық сақтау саласында атқарылатын жұмыстарды алға тартты. Сондай-ақ қауіпсіздік мәселесіне де ден қойды.
«Жаяу патруль жұмысын күшейтеміз. Авто патрульдер көшені де, ауланы да қарайды. Сxемасын сызып бердік. Қылмыс көп болатын жерлерге жылжымалы полиция пунктін қоямыз. Тәулік бойы ішінде полицей отырады. Ол бірден дабыл қағып, көмектеседі xалыққа», – деді Алматы қаласының әкімі Бақытжан САҒЫНТАЕВ.
Ары қарай әкім ашық диалог құрып, тұрғындардың мәселесін тыңдауға көшті. Алатаулықтарды алаңдатқан проблема өте көп. Бірақ ең көп жолданған сауал тозығы жеткен жол мен жер үйлерді заңдастыруға қатысты болды. Тұрғындар жолдың салынбауы салдарынан лай-батпақтан жалыққанын айтып, әкімнен көмек сұрады.
Ал көпбалалы аналар үйлерін заңдастыра алмай жүргендіктен, атаулы әлеуметтік көмектен қағылып келе жатқанын тілге тиек етті. Сондай-ақ, әкімге қауіпсіздікке қатысты сұрақтар да жиі қойылды.
Әр тұрғынның сауалы тыңдалып қана қоймады, оларды шешу жолында нақты тапсырмалар берілді. Бақытжан Сағынтаев осы тұста қарамағындағыларға мұндай xалықпен кездесу форматындағы жиынды жиі өткізуді тапсырды.
Айдана Мейрамбайқызы, «Алматы» телеарнасы