Назарбаев «Құрметті сенатор» мәртебесінен айырылды

Almaty.tv
Almaty.tv
Алдағы сайлаудан соң Сенаттың құрамы толық жаңаруы мүмкін
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Нұрсұлтан Назарбаев «Құрметті сенатор» мәртебесінен айырылды. Елімізде алғаш рет берілген жоғары палатаның мәртебелі атағы бүгіннен бастап өз күшін жойды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Мәулен Әшімбаевтың сөзінше, енді «Құрметті сенатор» атағы ешкімге берілмеуі мүмкін. Ал ертең Елбасы туралы заңның күшiн жою мәселесі Мәжілістің бірлескен отырысында талқыланбақ.

Осыдан 4 жыл бұрын бұрынғы Президент Нұрсұлтан Назарбаевқа «Құрметті сенатор» мәртебесі берілген еді. Ол кезде жоғары палатаның маңызды талқылауларына мәртебелі атақ иесі қатысатын. Жуырда Сенат регламентіне өзгерістер енгізіліп, «Құрметті сенатор» атағы алынып тасталынды. Бұл - ең алдымен халықтың талабы. Мәулен Әшімбаевтың айтуынша, референдумда қазақстандықтар өзгеріске дауыс берді.

«Референдумды ескеріп, біз регламенттен осыдай «Құрметті сенатор» мәртебесін алып тастағанбыз. Бұған көп сұрақ болуы мүмкін емес. Себебі халықтың сұранысы бар», – деді ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев

Сондай-ақ Сенат Қытаймен әуе апаттары кезіндегі ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау заңын мақұлдады. Құжат негізінде қос тарап іздестіру-құтқару операцияларын бірлесе ұйымдастырып іске асырмақ. Осылайша, Қазақстан мен Қытай әуе апаты кезінде адамдарды құтқаруға бір-біріне көмек көрсетеді.

«Әрбір тарап өз ауданында азаматтық әуе кемелерін іздеу және құтқару қызметінің болуын және олардың тәулік бойы кезекшілігін қамтамасыз етеді. Келісім тараптардың өзара хабарлауы негізінде іске асады. Екінші тараптан көмек сұрауы міндетін көздейді», – деді ҚР Парламенті Сенатының депутаты Сүйіндік Алдашев.

Алдағы сайлаудан соң Сенаттың құрамы толық жаңаруы мүмкін.

«Саяси додадан соң жоғары палатаға жаңа адамдар депутат болып келеді», - деді Мәулен Әшімбаев. Қазір 20 орынға әр өңірден  64 кандидат тіркелген. Демек, бір орынға 3 кандидаттан таласады. Үміткерлердің 30 пайызы әйел.

Кәмшат Мұхамеджан, Данияр Омар, Ринат Өтеев, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров