Ел Президентін таңдауда барлық сайлаушылардың 51,8 пайызы дауыс беріп үлгерген. Орталық сайлау комиссиясы таратқан соңғы статистика осындай. Жалпы, республиканың барлық өңірінде сайлау учаскесіне барып жатқан азаматтардың белсенділігі жоғары, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
Еліміздің орталық сайлау комиссиясының мәліметінше, сағат 14:00-ге дейін сайлаушылардың 52 пайызы дауыс беріп үлгерген. Мамандардың айтуынша, сайлау науқаны қызу жүріп жатыр. Өзінің азаматтық позициясын білдірем деушілердің қарасы қалың. Сайлау науқанына Президенттікке үміткер Әміржан Қосанов та жұбайымен келіп дауыс берді. Ал, Амангелді Таспихов та жарын ерте келіпті. Одан бөлек ҚХКП атынан Президент сайлауына түсіп жатқан Жамбыл Ахметбеков 91 жастағы анасымен бірге келіп дауыс берді. «Ұлы дала қырандары» республикалық қоғамдық қозғалысынан ҚР Президенттіген үміткер Сәдібек Түгел елордадағы дарын лицейінде орналасқан сайлау учаскесіне келіп өз таңдауын жасады. Ал, «Ауыл» партиясынан үміткер Төлеутай Рақымбеков пен «Ақжол» партиясынан үміткер Дания Еспаева да дауыс берді.
«Елімізді кемелді келешекке жетелейтін, лайықты халық қалаусылысы ел билігіне келсін. Сайлауымыз әділ өтсін деп тілеймін! Бүгін әр Қазақстан азаматы сайлау учаскесіне келіп, дұрыс таңдау жасауға шақырамын», - деді Қазақстан Республикасы Президенттігіне үміткер Төлеутай РАҚЫМБЕКОВ.
«Меніңше, бұл да жеңіс. Осы тарихта бірінші әйел адам үміткер болғаны. Менің өзімнің жеңісім және Қазақстан әйелдерінің жеңісі», - деді Қазақстан Республикасы Президенттігіне үміткер Дәния ЕСПАЕВА.
Еске сала кетсек, бүгін Қазақстан Президентінің кезектен тыс сайлауы өтуде. Саяси науқанда республика бойынша 10 мыңға жуық дауыс беру учаскесі жұмыс істеп жатыр. Сайлау туралы конституциялық заңға сәйкес дауыс беру уақыты 20:00-ге дейін жалғасады.