Бүгін Парламенттің қос палатасы бірлескен отырыс өткізді. Жиында халық қалаулыларының жұмысы 5 шілдеге дейін созылатыны туралы шешім шықты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Бұдан бұрын ҚР Премьер-министрі Асқар Мамин Мәжіліс депутаттарына жазғы демалыстарын кейінге қалдыруға шақырған еді. Бұл өтінішін ол үкіметке артылған жұмыстың көптігі және Президенттің жеке тапсырмасымен түсіндірген еді. Мемлекет басшысы азаматтардың несиесін өтеу мен 300 мың қазақстандықтың «Бастау» және «Жас кәсіпкер» мемлекеттік бағдарламалар аясында жұмысқа орналастыруын тапсырған.
«Осыған байланысты Сенаттағы әріптестерімізбен ақылдасып, Парламент сессиясы жұмысының мерзімін ұзартуды қарастырдық. Мұндай мүмкіндік бар. Айта кету керек, Конституциямыздың 59- бабының 3-тармағында Парламенттің кезекті сессиясы қыркүйектің алғашқы жұмыс күнінен маусымның соңғы жұмыс күніне дейін өткізіледі деп белгіленген. Сонымен бірге, Конституциялық Кеңестің Конституция нормасына берген ресми түсіндірмесін негізге ала отырып, алтыншы сайланған Парламенттің төртінші сессиясын 2019 жылғы 5 шілдеге дейін ұзартуды ұсынамын», – деді ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы Нұрлан НЫҒМАТУЛИН.