Қ. Тоқаев: Сауд Арабиясы – Қазақстанның ислам әлеміндегі басты серіктесі

фото: Akorda.kz
фото: Akorda.kz
Кездесу барысында Қазақстан мен Сауд Арабиясы арасындағы қатынастарды дамытудың перспективалары талқыланды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

6 маусымда Мемлекет басшысы Қазақстанға ресми сапармен келген Сауд Арабиясы Корольдігінің СІМ Фейсал бен Фархан Әл Саудты қабылдады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Ақордаға сілтеме жасап.

Кездесу барысында саяси, сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты нығайтуға баса мән бере отырып, Қазақстан мен Сауд Арабиясы арасындағы қатынастарды дамытудың перспективалары талқыланды.

Қасым-Жомарт Тоқаев Сауд Арабиясы Қазақстанның араб және ислам әлеміндегі басты серіктесінің бірі екенін атап өтті.

«Елдеріміз ортақ құндылықтарға негізделген саяси диалогты достық пен өзара сенім рухында дәйекті түрде дамыта береді. Екі қасиеттінің Сақтаушысы Король Салман бен Әбдел Әзизбен және Тақ мұрагері Мұхаммед бен Салманмен арадағы табысты ынтымақтастықты одан әрі жалғастыруға дайын екенімізді білдіремін», - деді Президент.

Бұл ретте мемлекет басшысы Қазақстан мен Сауд Арабиясының үкіметаралық комиссиясы мен Іскерлік кеңестің жұмысын жандандыру маңызды екеніне тоқталды. Сондай-ақ тиісті келіссөздерді жүргізу үшін өкілетті үкіметтік делегацияны Эр-Риядқа жіберуге дайын екенін айтты.

Фейсал бен Фархан Әл Сауд Сауд Арабиясы Королі мен Тақ мұрагерінің Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа және Қазақстан халқына жолдаған сәлемін жеткізді.

Саудиялық дипломат Қазақстан Президентін елімізде референдумның табысты өтуімен құттықтады.

«Сауд Арабиясы Корольдігі Сіздің басшылығыңызбен Екінші Республиканы құру ісінде және Қазақстанның одан әрі өркендеуіне бағытталған ауқымды реформаларды жүзеге асыруды жалғастыруда табыс тілейді», - деді министр.

Фейсал бен Фархан Әл Сауд сауда-экономикалық және инвестициялық ықпалдастықты нығайтудың перспективаларын егжей-тегжейлі талқылау үшін қазақстандық серіктестермен кездесу ұйымдастыруға Саудия  тарапы дайын екенін жеткізді. Бұл жуық арада Қазақстанда жоғары деңгейдегі кездесу өткізу үшін берік негіз болады.

Новости партнеров