|
06.06.2022 | 14:52
2721

Ресей Украина астанасы Киевке шабуыл жасады

Қақтығыстың жүріп жатқанына 100 күннен асты

Ресей Украина астанасы Киевке шабуыл жасады

Ресей Украина астанасы Киевке шабуыл жасап, инфрақұрылымдық нысандарына оқ жаудырды. Бұл туралы Украинаның бас штабы мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Ресей мұндай қадамға батыс елдері жеткізген әскери қару-жарақты жою үшін барған. Президент Владимир Путиннің айтуынша олар әскери қару-жарақ жеткізуді доғармаса, соққыларды Украинаның өзге де аймақтарына үдете бермек.

Украинаның бас штабы Киевке Ресей әскері 4 қанатты зымырандармен соққы жасағанын мәлімдеді. Нысандар қирағанымен, адам шығыны жоқ. Ал Украинаның шығысында жағдай ауыр. Северодонецк пен Луганск облыстары үшін шайқас жүріп жатыр. Владимир Зеленский Ресей украин мәдениеті мен тарихи мұрасын және өмір сүруге қажеттінің бәрін қасақана жойып жатқанын айтты.

«Северодонецкідегі жағдай өте қиын. Лисичанск, Марынка, Курахово және Донбасстың басқа қалалары мен елді мекендерінде де өте қиын. Үздіксіз әуе соққылары, артиллерия, зымырандық шабуылдар жүріп жатыр»,– деді Украина президенті Владимир Зеленский.

Ал Ресей президенті Владимир Путин батыс елдерінің Украинаға қару-жарақпен көмектесіп жатқанын мәлімдеді. Киевке жасалған соққыға да осы себеп болған. Егер бұл әрі қарай жалғаса берсе онда Ресей шабуылды басқа да аймақтарға жасайтынын ескертті. Осы ретте Ресейдің қорғаныс министрлігі Қара теңіз порты маңында Украинаның қару тасымалдауға арналған әскери ұшағын жойғанын хабарлады.

«Сондай-ақ жоғары дәлдікті әуеден ұшыратын зымырандар Стецковка елді-мекеніндегі артиллериялық оқу орталығына соққы берді. Ол жерде шетелдік нұсқаушылар украиналықтарға тәжірибелік сабақтар жүргізген. Бұдан бөлек Одесса облысындағы шетелдік жалдамалы жауынгерлер бекеті жойылды», – деді РФ Қорғаныс министрлігінің өкілі

Қақтығыстардың жүріп жатқанына жүз күн асса да, батыс сарапшылары Ресей әскері қатты шығынға ұшырағанын айтып жатыр. Ал Украина тарапының ақпарына сүйенсек, қазір елдің 20 пайызын Ресей өз бақылауына алған. Сондықтан Киев пен батыс елдері сол аймақтарда гуманитарлық дағдарыс болады деп қауіптеніп отыр.

Назкен Еркін, Рустам Аралбаев,  «Алматы» телеарнасы

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир