14 қаңтарда сайланған 20 сенатордан бөлек, тағы 10 депуттат құрамға енді
Бүгін ОСК жаңадан тағайындалған Сенат депутаттарын тіркеді, деп хабарлайды Almaty.tv.
Жоғарғы палатаға жайғасқан жаңа құрам қатарында ҚХА 5 өкілі бар. Бұған дейін оларға тиесілі мандат қысқарып, Мәжілістен алынғаны белгілі. 14 қаңтарда сайланған 20 сенатордан бөлек, тағы 10 депуттат құрамға енді. Олар күні кеше Президент жарлығымен тағайындалған болатын. Алғашқы бестік қатарында Мәулен Әшімбаев, Нұртөре Жүсіп, Ләззат Қалтаева, Асқар Шәкіров пен бұрын еліміздің Жоғары сотына төрағалық еткен Жақып Асанов бар. Бұл тағайындау сенатор Асанов үшін күтпеген жаңалық болыпты.
«Қазір сіздерге бәрін тізіп айтып бере алмаймын. Жақын арада міндетті түрде ол жөнінде әңгілемесуге болады. Мен енді жұмысымды бастамадым. Халық көтерген мәселе көп. Қылмыстық процесс бар, қоғамда азаматтық дау көп», – деді ҚР Парламенті Сенатының депутаты Жақып Асанов
ОСК жаңа сенаторларға куәлік пен төсбелгілерін табыстады. Осы VIII шақырылымнан бастап Жоғарғы палата өкілдерінің жалпы саны 50 болады. Жаңа құрамның жаңалығы сол - енді мұнда ҚХА-ның 5 өкілі бар. Оларға тиесілі Мәжілістегі 9 мандат қысқарып, Сенатқа беріліп отыр. Айта кетсек, қазір елде төменгі палатаның таратылуына байланысты сенаторлар Мәжіліс қайта жасақталғанша заң шығарушы және заң бекітуші орган қызметін атқара тұрады.