7 маусымда президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Байқоңыр» кешеніндегі арнаулы өкілі ретінде Нұртай Қайратты тағайындады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Ақорда баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Мемлекет басшысының өкімімен Қайрат Ырзақұлұлы Нұртай Қазақстан Республикасы Президентінің «Байқоңыр» кешеніндегі арнаулы өкілі лауазымына тағайындалды», - делінген хабарламада.
Нұртай Қайрат Ырзақұлұлы 1982 жылы Қызылорда облысы Қармақшы ауданында дүниеге келген.
Еңбек жолын 2004 жылы ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің мемлекеттік қызметті кадрлық қамтамасыз ету департаментінің жетекші маманы ретінде бастаған. 2005-2006 жылдары ҚР Энергетика және минералды ресурстар министрлігі мұнай өнеркәсібі департаментінің жетекші маманы болған. 2006-2014 жылдары Қазақстан Республикасы Президенті Кеңсесінің аға, бас сарапшысы, консультанты, сектор меңгерушісі болған; 2014-2015 жылдары Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік бақылау және аумақтық-ұйымдастыру жұмысы бөлімінің мемлекеттік инспекторы. 2015-2018 жылдары Шымкент қаласы әкімінің орынбасары қызметтерін абыроймен атқарған. 2018-2019 жылдары Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары қызметінде болды.