Өңір басшылығының қалпына келтіру жұмыстары туралы баяндамасын тыңдады
Қасым-Жомарт Тоқаев Қостанай облысына жұмыс сапары барысында, ең алдымен, Рудныйдағы жылу құбырындағы жарылыс салдарымен танысып, өңір басшылығының қалпына келтіру жұмыстары туралы баяндамасын тыңдады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Ақордаға сілтеме жасап.
"Жалпы, еліміз бойынша да, осы облыста да жылу құбырлары апатты жағдайда тұр. Жағдай өте ауыр. Үкіметке бүгіннен бастап, әсіресе көктем және жаз айларында қысқы жылыту маусымына мұқият дайындалуды тапсырамын. Бұл – атқаратын басты міндет, себебі мұны созбалаңға салуға болмайды. Желілердің тозу деңгейі өте жоғары, 70, 80, кейбір жерлерде тіпті 90 пайызға дейін жетеді. Осы жұмыстармен айналысу қажет", – деді Президент.
Сондай ақ Мемлекет басшысы қала тұрғындарымен кездесіп, азаматтардың өміріне қауіп төндіруге болмайтынын мәлімдеді. Қостанай облысы мен қала әкімдіктері Рудныйдағы жағдайды жедел қалпына келтіруге тиіс екенін айтты.
"Құбырдың жарылғаны туралы хабарды тексеру үшін арнайы келдім. Жаңа ғана Үкіметке, облыс пен қала әкімдеріне осы мәселемен айналысуды тапсырдым", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сонымен қатар Президент Үкіметке Рудныйдың әлеуметтік-экономикалық даму мәселелеріне ерекше назар аударуды тапсырғанын атап өтті.