Әкімдердің халықпен кездесуінде дайын сұрақтар қойылмауы тиіс – сарапшылар

Almaty.tv
Almaty.tv
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев әкімдердің қызметіне қатысты жарлыққа қол қойды
Жаңалықтармен бөлісіңіз


Әкімдердің халықпен кездесуінде дайын сұрақтардың қойылуына жол беруге болмайды. Бұл туралы еліміздің Ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Омарбеков айтты. Оның айтуынша, кездесу еркін түрде өтуі керек. Сонымен қатар, енді әкімдер жылына бір рет қана есеп беру кездесуін өткізбейді, керісінше жиі-жиі халықпен байланыста болуы тиіс, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі. 

 

Айта кетейік, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев әкімдердің қызметіне қатысты Жарлыққа қол қойды. Енді кездесулерді ұйымдастыру кезінде мүдделі тұлғалардың, оның ішінде мәслихат депутаттары, партиялар, қоғамдық ұйымдар мен оппозиция өкілдерінің кең аудиториясы тартылады. Бұл өңір басшылығымен жан-жақты диалог құруға мүмкіндік береді.  

Ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Омарбеков алдын ала дайындалған адамдардың әкімдерге сұрақ қоюына жол беруге болмайды деді. Сонымен қатар ол Президент Жарлығына сәйкес, әкімдердің азаматтарды жеке қабылдау күндерін ұлғайту мәселесі де қаралғанын айтты.

«Әкімнің кездесуі өткеннен кейін ол азаматтарды жеке қабылдауы тиіс. Жеке қабылдауға кім қатыса алады? Сол жиынға келген кезде сауал жолдауға уақыты жетпеген, қойған сұрағына тиісті жауап ала алмаған адамдар жеке қабылдауға кіре алады. Ол жерде тек әкім ғана емес, жергілікті атқарушы биліктің өкілдері, прокуратура, ішкі істер органдарының қызметкерлері, мәслихат депутаттары, қоғамдық кеңес мүшелері, зиялы қауым өкілдері көтерілген мәселені дер кезінде шешуге тырысады», - деді ҚР Ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Омарбеков.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың әкімдердің қызметіне қатысты Жарлыққа қол қоюы халықтың әкімдермен қарым-қатынасын жақсартуға, азаматтардың жергілікті билік органдарына деген сенімін нығайтуға ықпал етеді. Осылай деген сарапшы Рүстем Қанапиянов жаңа өзгертулер мен толықтыруларға сәйкес, облыс әкімдерінің жарты жылда бір рет, ауыл әкімдерінің тоқсан сайын халықпен кездесуі көптеген мәселені шешуге үлкен септігін тигізеді деген пікір білдірді.

«Халықтың «Әкім бол, халқыңа жақын бол» деген тәмсілі бар ғой. Шын мәнінде, осы уақытқа дейін қағазбастылық т.б. дүниеде әкімнің халықпен кездесуі де бір ғанибет болды. Өйткені әкімге кіре алмаймыз. Әкімді көре алмаймыз деген сияқты арыз-шағымын айтқан халықтың мұң-мұқтажын тыңдайтын әкімдер жоқ деген сияқты», - деді Қазақстандық қоғамдық даму институтының сарапшысы Рүстем Қанапиянов.

«Халық неге әкімнің кабинетіне келмейді? Себебі әкім әлеуметтік желіде жауап бермейді. Сондықтан әлеуметтік желіні қолданса, жұмыспен тығыз байланысса, онда нәтиже болады. Әкімдерді халық сайлағанның екі жақсы тұсы бар. Біріншіден, халық жауапкершілікті билікпен бөліседі. Екіншіден, әр өңір тұрғындары сол жақта туып-өскен адамға дауыс береді. Бұл қазақ қоғамының реали жағдайы», - деді саясаттанушы Самат Нұртаза.

Ал сарапшы Аян Сакошев Батыс Қазақстан облысында жүзеге асырылған «ашық әкімдік» тәжірибесін сәтті үлгілердің бірі ретінде ұсынуға болады дейді. Облыс, қала әкімінен бастап, прокуратура, денсаулық сақтау, білім беру салалары басшылары тұрақты түрде азаматтарды қабылдап отырған.

«Жаңа жарлық нені өзгертеді? Бұл жұмысты жүйелендіреді. Яғни, тек қана жылына бір рет емес, әр маусым сайын аудандық, қалалық деңгейде нақты осындай есептік кездесулер өткізеді. Сонымен қатар, жаңа есептік әртүрлі алаң пайда болады. Бұл жерде халықпен кездесіп, халықты нақты толғандыратын мәселелерге қатысты кездесулер болады», - деді сарапшы Аян Сакошев.

Осылайша, сарапшылар Президент жарлығының нәтижесінде халық әкімге емес, әкім халыққа деген принципке көшетінімізді айтты. Соның нәтижесінде облыс, қала әкімдері халықпен жылына 2 рет кездесу өткізіп отырады. Ал одан төменгі аудан, ауыл әкімдері тоқсан сайын тиісті елдімекендерде тұрақты жүздеседі.


Новости партнеров