Қазақстан қандай да бір одақтас мемлекеттердің құрамына кіруге ниетті емес және оны жоспарлап отырған жоқ. Президенттің баспасөз хатшысы Руслан Желдібай өзінің facebook парақшасында осылай жазды, деп хабарлайды Almaty.tv.
– Мемлекет басшысының өзі атап өткендей, экономикалық интеграция – бұл түпкі мақсат емес, ол экономиканы дамытудың және халықтың әл-ауқатын арттырудың негізгі құралдарының бірі. Яғни, ұйым аясында қабылданатын кез келген шешім оның әрбір мүшесіне және ең алдымен, олардың азаматтарына пайдасын тигізуі тиіс. Сондықтан мемлекетіміз ешқандай одақтас елдердің құрамына кірмейді, - деп жазды Руслан Желдібай.
Мәскеуде өткен Еуразиялық форум аясында Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан осы одақтың логистикалық хабы бола алатынын мәлімдеді. Президенттің айтуынша, әрі қарай интеграциялық дамудың тағы бір маңызды бағыты – жаңа халықаралық көлік артерияларын құру болуы мүмкін.
– Тақырыптық бастама ретінде Челябинск – Болашақ – Иран теміржол магистралімен жүрдек жүк пойыздарын іске қосуды ұсынамыз. Бұл үшін Челябинскіде жүк жинақтайтын орталық ашып, «Солтүстік – Оңтүстік» көлік дәлізінің қазіргі инфрақұрылымын пайдалануға болады. Біз өзіміздің Бейнеу – Маңғыстау темір жол желісіндегі және Бейнеу – Шалқар автокөлік жолындағы талапқа сай келмейтін учаскелерді қайта салуға әзірміз. Тиісті жүк тасымалы ағынын қалыптастыру үшін күш жұмылдыру маңызды. Сол себепті Қазақстан мұны сөзсіз іске асырады. Бақты – Аягөз темір жол құрылысын өзара тиімді ынтымақтастығымыздың нақты мысалы деуге болады. Оның іске қосылуы Қазақстанның да, Ресейдің де Қытай бағытына жөнелтетін жүк көлемін айтарлықтай арттыруға мүмкіндік береді, – деді ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев Еуразиялық экономикалық одақ құрылғалы Қазақстанның одаққа мүше өзге елдермен арадағы тауар айналымы 74 пайызға ұлғайғанын айтты. Ал экспорт 98 пайызға өсіпті.
– Сыртқы факторлардың қысымына қарамастан, Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы ынтымақтастығымыз қарқынды дамып келеді. Одаққа мүше мемлекеттер макроэкономикалық тұрақтылығын сақтап, экономикалық өсім қарқыны мен өзара сауда көлемін арттыруда, – деді Мелекет басшысы.