Мемлекет басшысы Қырғыз Республикасының Президенті Сооронбай Жээнбековке жылы қарсы алғаны және саммитке жоғары деңгейде дайындалғаны үшін ризашылық білдіріп, саммитте қабылданған шешімдер мен қол қойылған құжаттар елдер арасындағы кооперацияны нығайтуға септігін тигізетініне сенімді екенін айтты.
Мемлекет басшысы халықаралық қатынастар жүйесінің трансформациясы көпжақты бірлестіктер қызметтерінің мейлінше теңестірілген және айқын қағидаттарын жасау қажеттігін көрсететініне тоқталып, осыған байланысты өзінің пікіріне сәйкес ШЫҰ-ның басты міндеттерін атап өтті, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
«Біріншіден, ШЫҰ кеңістігінде өзара сенімді, қауіпсіздік пен ынтымақтастықты қамтамасыз ету мақсатында конструктивті диалог пен өзара іс-қимылдарды нығайту маңызды болып қала беруі тиіс. Осыған байланысты, ШЫҰ стратегиясы шеңберінде 2018-2022 жылдарға арналған Іс-қимылдар жоспарын, Ұзақ мерзімді тату көршілік туралы келісімді, достық пен ынтымақтастықты толыққанды жүзеге асыру керек», – деді Қазақстан Президенті.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Үш диалог» жөніндегі бастамасының дер кезінде айтылғанын және осы ретте Еуразиялық экономикалық одақ, Оңтүстік-Шығыс Азия мемлекеттерінің ассоциациясы, БРИКС (Бразилия, Ресей, Үндістан, Қытай, Оңтүстік Африка Республикасы) және Еуропалық одақ сияқты Еуразияның көпжақты негізгі құрылымдарымен толыққанды қарым-қатынасты орнатып кеңейту арқылы Ұйымның халықаралық бәсекеге қабілетін арттыру қажеттігін атап өтті.
«Экономикалық өсім баяулаған әрі әлемдік нарықтағы қаржылық тұрақсыздық жағдайында Шанхай ынтымақтастық ұйымының зор әлеуетін бұдан да тиімді пайдалану қажет. Оған сегіз жақты Еуразиялық қаржылық кеңесшілік механизмін құру септігін тигізеді деп есептейміз. Бүгін Шанхай ынтымақтастық ұйымының Хатшылығы мен «Астана» халықаралық қаржы орталығы арасында қол қойылған Меморандум ШЫҰ елдерінің қаржы жүйесін дамытуда АХҚО-ның бірегей инновациялық әлеуетін пайдалануға мүмкіндік береді», – деді Мемлекет басшысы.
Қазақстан Президенті отырысқа қатысушылардың назарын аймақтағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелеріне аударды. Оның пікірінше, сәуір айында ШЫҰ-ға әрі әріптес-ел – Шри-Ланкада болған лаңкестік оқиға Қазақстанның Біріккен ұлттар ұйымы аясында Жаһандық лаңкестікке қарсы коалиция құру туралы бастамасының қажеттілігін дәлелдеді.
«Сондай-ақ, лаңкестік мәселесі жаһандық желіде көрініс берді, сондықтан, киберқауіпсіздікті қамтамасыз етуді де күшейтуді қажет етеді. ШЫҰ ақпараттық қауіпсіздік жөніндегі Орталығын құру Ұйымның ақпараттық кеңістігін қорғау ісіне қосқан маңызды үлес болар еді. Тәжірибесі мен өзіндік ерекшелігін ескерсек, бұл мәселені реттеуге ШЫҰ-ның лаңкестікке қарсы аймақтық құрылымы қауқарлы», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сонымен қатар, Мемлекет басшысы климаттың өзгеруі мен қоршаған ортаны қорғау мәселелеріне жеке тоқталып, осы саладағы ынтымақтастық үшін тұрақты жұмыс істейтін платформа құруды ұсынды.
Қазақстан Президенті сөзінің соңында бітімгерлік қызмет еліміздің халықаралық және аймақтық қауіпсіздікті нығайту жөніндегі сыртқы саясатының ажырамас бөлігі екенін айтып, ШЫҰ-дағы әріптестерге БҰҰ аясындағы Қазақстанның бітімгерлік бойынша бастамаларын қолдағаны үшін ризашылығын білдірді.