Тоқаев: Жаһандық экономикада қандай рөл атқаратынымыз өзімізге байланысты

Ақорда
Ақорда
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Мәскеуде өтіп жатқан форумға қатысып жатыр
Жаңалықтармен бөлісіңіз

ЕЭО аясындағы интеграция ең алдымен осы одаққа мүше мемлекеттердің экономикалық әлеуетін, халықтың жағдайын жақсартуға бағытталған. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Мәскеуде өтіп жатқан форумға қатысып жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Мемлекет басшысы Қазақстан 2015 жылғы шарт негізінде интеграцияға дайын екенін еске салып, ЕЭО дамытудың жаңа басымдықтарын айқындап алуды ұсынды

Форумда сөз алған Қасым-Жомарт Тоқаев экономикалық одақтың негізгі қағидаттарын атады. Президенттің сөзінше, одақ аясындағы интеграция ең алдымен экономикалық сипатқа ие. Оның жетістігі стратегия, келісім және шешім санымен емес, керісінше, жаңа өндіріс, технология және жұмыс орындарымен бағаланады.

– Қазақстан 2015 жылғы шарттың негізінде дәл осы интеграцияны қолдайтынын тағы да атап өткім келеді. Яғни, «төрт еркіндік» және инфақұрылымға тең дәрежеде қолжетімділік, әділ бәсеке, тең құқық және ұлттық мүддені ескеру секілді негізгі қағидат мүлтіксіз сақталуы керек. Бұл – біздің ортақ ісіміздің негізгі қағидаттары. Қазақстан оларды ілгерілетеді, – деді ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев Еуразиялық экономикалық одақтың географиялық аумағы орасан зор екенін айтып, өзара инфрақұрылым байланысын дамыту мәселесі аса маңызды  екенін айтты. Президент оны ілгерілетудің екі жолын ұсынып отыр. Біріншісі – ішкі одақтық, яғни одаққа мүше елдердің көлік және коммуникация салаларындағы интеграциясы бағытындағы жұмыс, екіншісі – халықаралық, яғни көлік-логистика саласындағы халықаралық мәселелерді жүзеге асыру және үшінші елдермен ынтымақтастықты дамыту аясында жұмыс.

– Жаһандық тауар ағынының мейлінше жылдам өзгеріске ұшырап жатқанын ескерсек, қазір жан-жағымызды жіті бақылап, бүкіл аймақта барынша тренд қалыптастыру өте маңызды. Шығысымызда тұтас құрлықты стратегиялық тұрғыда байланыстыруды көздейтін  Қытайдың маңызды әрі ауқымды бастамасы «Бір жол – бір белдеу» жобасы бар. Солтүстік – Оңтүстік желісіндегі сауда-экономикалық қатынасқа сұраныс бірнеше есе артты. Біз, шын мәнінде, осы үдерістердің бел ортасындамыз. Қалыптасып келе жатқан жаһандық экономикада қандай рөл атқаратынымыз өзімізге байланысты, – деді Мемлекет басшысы.

Еуразиялық Экономикалық форумға Қазақстаннан бөлек, Қырғызстан, Қытай, Беларусь, Ресей президенттері мен Армения вице-премьері Мгер Григорян, сондай-ақ, Еуразиялық Экономикалық комиссия алқасының төрағасы Михаил Мясникович қатысып жатыр. Бүгін алқалы жиынның негізі отырысы өтеді.

Өмір Серікбекұлы, Данияр Омар, Ботагөз Қайырбекова, «Алматы» телеарнасы, Астана

Новости партнеров