Еуразиялық экономикалық одақты дамытудың жаңа стратегиясын әзірлеу қажеттілігі жоқ. Бұл туралы Бішкекте өтіп жатқан Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес отырысында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.
«2020 жылы Еуразиялық экономикалық интеграцияның 2025 жылға дейінгі даму стратегиясын қабылдадық. Бүгінде ЕАЭО-ға мүше елдердің үкіметтері Комиссиямен бірлесіп, оны жүзеге асырып келеді. Әрине, бұл процесс бастапқыда ойлағандай тез жүріп жатқан жоқ. Мұның объективті себептері бар. Жекелеген мәселелер Тараптар үшін өте өзекті»,- деді Мемлекет басшысы.
ҚР Президенті прагматизм және әрбір қадамның жан-жақты пысықталуы жоспарланған мерзімде жүзеге асыруға деген ұмтылыстан басым болуы керектігін атап өтті.
«Стратегияны барлық мүше мемлекеттердің ұлттық мүддесін толық ескере отырып, кезең-кезеңімен жүзеге асыру – ең дұрыс тәсіл. ЕАЭО-ны дамытудың жаңа стратегиясын әзірлеудің қажеттілі жоқ деп есептейміз. Мұның үстіне ұлттық үкіметтердің құқықтарын шектеу қажеттілігі де жоқ», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.