Қазақстан Президенті Башқұртстан Республикасының басшысы Радий Хабировты қабылдады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Ақордаға сілтеме жасап.
Қасым-Жомарт Тоқаев Астана мен Мәскеудің екіжақты байланыстарын нығайтуға өңіраралық ықпалдастық елеулі үлес қосып отырғанын атап өтті. Осы орайда Башқұртстан Республикасы ерекше рөл атқарады.
– Қазақстан мен Ресей арасындағы жан-жақты қатынастарға тың серпін беру тұрғысынан алғанда бүгінгі сапарыңыздың мәні зор. Біз индустрия, агроөнеркәсіп кешені және гуманитарлық салалардағы байланыстарымызды әртараптандыру үшін барынша күш саламыз, – деді Мемлекет басшысы.
Президент бірқатар келісімнің, соның ішінде үкіметтер деңгейінде қол қойылған ынтымақтастықтың 2023-2024 жылдарға арналған жол картасының табысты жүзеге асырылып жатқанына назар аударды.
Мемлекет басшысы еліміздің өңірлері мен Башқұртстан арасындағы тауар айналымының қарқынын оң бағалады. Былтырғы 11 айдың қорытындысы бойынша сауда-саттық деңгейінің көрсеткіші 350 миллион доллардан асты. Бұл ретте Қазақстан Башқұртстан Республикасының жетекші сауда серіктестерінің үштігіне кіреді.