14 қаңтарда Алматы қаласы бойынша ҚР Парламентінің Сенатына депутат сайлауы өтті

strategy2050.kz
strategy2050.kz
Дауыс беру пункті республикалық Достық үйінен ашылды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

2023 жылдың 14 қаңтарында Алматы қаласы бойынша Қазақстан Республикасы Парламентінің Сенатына депутат сайлауы өтті. Саяси іс-шараға  қалалық Мәслихат депутаттары, қаланың аумақтық сайлау комиссия мүшелерi, кандидаттардың сенім білдірілген адамы, саяси партиялар мен қоғамдық бірлестіктердің байқаушысы, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдарының өкілі де қатысты, деп хабарлайды Almaty.tv.

Дауыс беру пункті республикалық Достық үйінен ашылды. Таңдаушыларға кандидаттар жайлы ақпарат беру үшін олар туралы мәлімет пен сурет бірыңғай форматта дайындалып, дауыс беру пунктіне кіре берістегі стендтерге ілінген.

Сайлауға Алматы қаласынан жоғары палатадағы сайланатын бір сенаторлық орын үшін өзін-өзі ұсыну жолымен төрт кандидат қатысты. Барлығы – әйел азаматтар. Алматы қаласының сайлау комиссиясы заң талаптары шеңберінде Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттығына кандидат ретінде «Алматы мемлекеттік сервис және технологиялар колледжі» МКҚК директоры Жаниязова Жарқын Лепесқызын, Youthart ҚҚ директоры Бекмурзаева Кристина Юрьевнаны, Алматы қаласы Жетісу ауданының әкімі Көкебаева Гүлнар Ахметжанқызы мен «Алматы қаласын дамыту орталығы» АҚ басқарма төрағасының кеңесшісі Асанова Жанна Бейсентайқызын тіркеген болатын.

Олардың біреуі – мемлекеттік коммуналдық кәсіпорынның қызметкері, бір кандидат – мемлекеттік қызметші, біреуі – коммерциялық құрылымдардың қызметкері және тағы біреуі – қоғамдық ұйым өкілі. Мамандықтары бойынша: 2 заңгер, 1 инженер, 1 өнер саласының маманы, атап өтерлігі, бір кандидаттың екі мамандығы бар. Үміткерлердің орташа жасы – 45 жас.

Таңдаушылардың бірлескен отырысынан кейін Алматы қаласы Мәслихатының 38 депутатының 37-cі жанама сайлау құқығы негізінде жасырын дауыс берді. Дауыс беру аяқталғаннан кейін аумақтық сайлау комиссиясы бірден оларды санап, хаттама толтырды.

Дауыс беру нәтижелерiн Алматы қаласы сайлау комиссиясының төрағасы Айгүл Қалықова жариялады. Алматы қаласынан Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттығына сайлау бойынша кандидат  Ж. Асанова – 23, Г. Көкебаева – 8, К. Бекмурзаева – 3, Ж. Жаниязова – 2 дауыс жинады. Бір депутат бәріне қарсы дауыс берді.  

Дауыс берудің нәтижелері туралы хаттама Орталық сайлау комиссиясына жөнелтілді. Сондай-ақ бекітілген регламентке сәйкес, дауыс берудің алдын ала қорытындылары туралы мәлімет Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының электронды функционалына енгізілді.

Новости партнеров