Мәжіліс конституциялық заңдарға түзету енгізіп, еліміздің Тұңғыш Президентінің Қауіпсіздік кеңесі мен Қазақстан халқы Ассамблеясына өмір бойы төрағалығын тоқтатты. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Қанат Нұров Facebook-парақшасында мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Tengrinews.kz порталына сілтеме жасай отырып.
"Мемлекет басшысының Парламентте сөйлеген сөзі революциялық сипатта болды, халық жеңілдеп қалды. Енді Парламент пен үкімет барлық уәдесін толық, шұғыл және нақты орындауы керек", - деп жазды Мәжіліс депутаты.
Оның айтуынша, ең алдымен, Тұңғыш Президенттің Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Қауіпсіздік кеңесіне өмір бойы төрағалық етуінен бас тарту керек болған және ол бүгін жасалған.
"Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы туралы", "Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы" және "Қазақстан Республикасының Қауіпсіздік Кеңесі туралы" конституциялық заңдарға қажетті барлық түзету Сенатқа жіберілді. Қазір ҚХА мен Қауіпсіздік кеңесіне төрағалық ету тұлғасы бойынша емес, лауазымы бойынша Президентке заңды түрде тиесілі", - деп жазды депутат.
Ақпаратты Мәжіліс депутаты Снежанна Имашева растады.
"Бұл түзетулерді депутаттар енгізді. Мемлекет басшысы Ассамблеяны басқаратынын білесіздер, бұл туралы Елбасының өзі және Қауіпсіздік кеңесі айтты. Сондықтан онда талқылайтынай ерекше ештеңе жоқ. Бұл қазірдің өзінде орындалып қойған. Бұл түзетулер комитет жұмысының барысы. Олар нақтылап, редакциялайды", - деді Имашева тілшімен телефон арқылы сөйлескен кезде.