Хорватиямен арадағы байланыс бизнеске жол ашады
Бүгін Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев ҚР Хоравтияның Төтенше және Өкілетті Елшісі Рефик Шабановичпен кездесті, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Сағынтаев Алматының негізгі даму бағыттарын айтып берді. Тараптар қала экономикасы, сауда, қызмет көрсету, көлік пен логистика, цифрлы технология, туризм салалары бойынша ынтымақтастық перспективаларын талқылады.
«Алматыда хорваттық капиталмен 7 кәсіпорын жұмыс істейді. Биыл 5 ай ішінде Алматы мен Хорватия арасындағы тауар айналымы 3,2 млн астам АҚШ долларын құрады, бұл өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда 35%-ға көп. Ынтымақтастықты одан әрі нығайтудың барлық тетіктері бар», - делінген хабарламада.
Алматы еліміздің қаржы және экономикалық орталығы ретінде шетелдік капитал үшін жоғары инвестициялық тартымдылыққа ие. Инвестиция үйі ашылды, шетелдік серіктестермен байланысты күшейту үшін барлық жағдайлар жасалуда.
Әкім Алматының ЕАЭО пен Қытай нарығына шығуда маңызды көлік логистикалық хабтың бірі екенін атап өтті. Бұл Хорватиямен арадағы бизнеске жаңа жол ашады.
Өз кезегінде Алматы Хорватияның негізгі саласы болып табылатын туризмді дамыту жөніндегі тәжірибесін игеретін болады.
Бақытжан Сағынтаев хорваттық туроператорларды Алматыда 2020 жылдың 14-16 сәуірінде өтетін Халықаралық KITF-2020 туристік көрмеге қатысуға шақырды.
«Бізге Хорватияның ақпараттық технологияны, туризм мен спорт, білім, денсаулық сақтау салаларын дамытудағы тәжірибесі өте құнды», – деп атап өтті Сағынтаев.
Сондай-ақ, қала әкімі алдағы жемісті ынтымақтастыққа сенім білдірді.