Бұдан-былай Арыс қаласында ешқандай оқ дәрі сақтайтын қойма болмайды. Мұны Президент Қасым-Жомарт Тоқаев кесіп айтты. Сондай-ақ, мемлекет басшысы халықтың басын қатерге тіккен жауаптылардың заң алдында жазаланатынын айтып, тергеу амалдары шұғыл жүргізілсін деген пәрмен берді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
«Жұмысты осы тәртіппен жалғастыра беріңіздер. Үкіметке қала мен оның тұрғындарына көмектесу туралы тапсырма берілді. Қазір біз ең бірінші кезекте адамдардың, қала тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз етуіміз керек. Екіншіден, көрсетілетін көмектерге келсек, бүгінде арнайы қор құрылды. Арысқа бүкіл Қазақстан көмектеседі. Мен халықпен жұмыс істеп жатқан қаланың жұртшылығына, ардагерлерге ризашылығымды білдіремін. Жарылыстың себептерін анықтау қажет. Қылмыстық іс қозғалды, тергеп-тексеру басталды. Егер кінәлілер болса, заңмен қатаң жазаланады. Алдағы уақытта Арыс жарылғыш құрылғылардың барлығынан тазартылуы тиіс», – деді Президент.
Сондай-ақ, мемлекет басшысы азаматтардың қауіпсіздігі мен олардың дүние-мүліктерінің сақталуын бақылауда ұстау қажеттігін ескертті.
Қасым-Жомарт Тоқаев Ішкі істер министрлігіне, әсіресе, балаларға ерекше көңіл бөлуді тапсырды.