Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Мәжілістегі «Nur Otan» партиясы фракциясының отырысына қатысты. Отырыста ол премьер-министрдің кандидатурасы туралы ойын айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.
«Менің ойымша, сабақтастықты сақтау керек. Барлық қиыншылықтарға қарамастан, үкімет жұмысын атқарды. Басқа елдермен салыстырғанда біз жақсы көрсеткішке қол жеткіздік. Егер Президент Асқар Ұзақпайұлы Маминді ұсынатын болса, онда фракциядан оның кандидатурасын қолдауды сұраймын», – деді Н.Назарбаев.
Одан бөлек, Назарбаев «Nur Otan» фракциясы депутаттарын кезекті Парламент сайлауындағы жеңісімен құттықтады.
«Бізде әлемнің дамыған 30 елінің қатарына кірудің нақты жоспары мен ресурстары бар. Бұл жолда ең үлкен парламенттік фракция ретінде сіздердің мойындарыңызға үлкен жауапкершілік жүктеледі. Алға қойылған міндеттерді орындау үшін барлық күш-жігерлеріңізді салатындарыңызға сенімдімін. Мен жаңа адамдар жаңа идеямен келіп, Парламент жұмысына серпін береді деп сенемін», – деді Елбасы.