Рүстем Құрманов «ҚазАгро» басқарма төрағасы лауазымынан босатылды

21.02.2019 22:21

Рустем Курманов / Фото atameken.kz

Рүстем Құрманов «ҚазАгро» басқарма төрағасы лауазымынан босатылды, деп хабарлайды ҚР Премьер-министр сайты.


«Директорлар кеңесінің шешімімен Рүстем Жомартұлы Құрманов басқа жұмысқа ауысуына байланысты «ҚазАгро» ұлттық басқарушы холдингі» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы қызметінен босатылды», - делінген хабарламада.


Рүстем Құрманов 1981 жылы Солтүстік Қазақстан облысында дүниеге келген. Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетін тәмамдаған. Экономика ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесі бар.

Еңбек жолын 2003 жылы ҚР АШМ Агроөнеркәсіптік кешеніндегі мемлекеттік инспекция комитетінің Ақмола облыстық аумақтық басқармасының Экономикалық талдау бөлімінің жетекші маманы ретінде бастаған.

2012–2013 жылдары ҚР АШМ инвестициялық саясат департаментінің директоры қызметін атқарған.

2013–2015 жылдары — ҚР АШМ Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитетінің төрағасы.

2015 жылдан бастап 2016 жылға дейін ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасының агроөнеркәсіптік кешенінде комитет хатшысы болып жұмыс істеген.

2017 жылдың шілде айынан бастап ҚР ауыл шаруашылығы вице-министрі лауазымын атқарған.