ҰҚШҰ елдері экстремизм үгіт-насихатына бірлесе қарсы тұрмақ

22.02.2019 00:54

Қазақстан, Ресей, Беларусь, Қырғызстан және Тәжікстан елдері кіретін ұйым тек қылмыстан бөлек, соңғы кезде әлем жұртын алаңдатқан жат ағымдардың хабарламарына тосқауыл қоймақ

Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына мүше мемлекеттер экстремизм, терроризм үгіт-насихатына бірлесе қарсы тұрмақ. Бүгін Сенаттың жалпы отырысында депутаттар «Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына мүше мемлекеттердің ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы ынтымақтастығы туралы келісімді ратификациялау туралы» Заңын қабылдады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Келісімге ҰҚШҰ-ға мүше: Қазақстан, Ресей, Беларусь, Қырғызстан және Тәжікстан елдерінің басшылары 2017 жылдың қарашасында Минск қаласында қол қойған еді. Аталмыш елдер кіретін ұйым тек қылмыстан бөлек, соңғы кезде әлем жұртын алаңдатқан жат ағымдардың хабарламаларына тосқауыл қоймақ. Бес елдің мамандары діннен адасқандардың шығу көздерін, олардың тарататын әдебиеттері мен компютерлік шабуылдарын анықтайды. Сондай-ақ, тараптар ғылыми-зерттеу жұмыстарының нәтижелерімен алмасатын болады.  

«Келісім халықаралық ақпараттық қауіпсіздікті нығайтады, шабуылдарға бірлесіп ден қоюдың тәжірибелік тетіктерін қалыптастырады, ұйым кеңістігінде сенім шараларын дамытады және нығайтады. Сонымен қатар, ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің технологиялық негіздерін пысықтауға бағытталған», – деді ҚР Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің орынбасары Аманияз ЕРЖАНОВ.

Ал сенатор Дариға Назарбаева журналистер мен Ақпарат және коммуникациялар министрлігі тілшілерді аккредитациялау дауында қос жақ ортақ шешімге келеді деген ой білдірді. Депутат ведомствоның тілшілерге орын жетпесе, оларды маңызды шараға кіргізбеу туралы өзгерісті де қайта қарауы қажет деді. Естеріңізге салсақ, Дәурен Абаев басқаратын министрлік журналистерді шараларға шақыру мен кіргізу туралы ережені қаталдатуды ұсынған болатын. Бұл өзгеріс бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің арасында үлкен пікірталас туғызды.  

«Бұл оқиғада бір шешім табу керек. Бұқаралық ақпарат құралдарында жаңалығы шықсын деген мемлекеттік орган тиісті жағдай жасап, барлық журналистер сыятын орын табуы керек деп ойлаймын. Немесе дәлізде мамандар үшін жиында не болып жатқанын көрсететін тікелей қосылым болуын пысықтау керек», – деді ҚР Парламенті сенатының депутаты, Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрайымы Дариға НАЗАРБАЕВА.