Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ел халқына үндеу жасады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Elbasy.kz сайтына сілтеме жасап
«Құрметті отандастар! Ардақты ағайын! 2022 жыл халқымыз үшін күрделі де қатерлі сынақтан басталды. Баршаңызға мәлім, ұйымдасқан экстремистік топтар елімізде жаппай тәртіпсіздік орнатып, террористік шабуыл жасады. Соның салдарынан бейбіт тұрғындарымыз зардап шекті.
Қасіретті оқиға кезінде қаза болғандардың жақындары мен туған-туыстарының қайғысына ортақтасып, көңіл айтамын.
Лаңкестер елдігіміз бен егемендігімізге, тыныштығымыз бен тұтастығымызға қауіп төндіріп, жұрттың берекесін қашырды», - деп тоқталды Елбасы.
Нұрсұлтан Назарбаев Қасым-Жомарт Тоқаевты қолдау баршаның азаматтық борышы екенін атап өтті.
«Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың шұғыл шешімдерінің арқасында ел іргесі сөгілген жоқ. Мемлекет басшысын қолдау – баршамыздың азаматтық борышымыз.
Ендігі кезекте осы оқиғадан сабақ алып, мұндай бассыздыққа жол бермеуге тиіспіз. Бабаларымыз ғасырлар бойы аңсаған тәуелсіздіктің отыз жылы ішінде атқарған істеріміз аз емес. Қазақстан әлемге танылған еңселі елге айналды. Ұлан-ғайыр шекарамыз түбегейлі бекітілді.
Елімізде іргелі реформалар жүзеге асып, Орталық Азияда көш бастадық. Еуразия жүрегінде, Сарыарқа төсінде жаңа астанамыз бой көтерді. Бірлік барда ешбір жау сағымызды сындыра алмас», - деді үндеуінде Елбасы.
Сондай-ақ ол өз сөзінде ешқайда кетпегенін, ел астанасында екенін айтты.
«Менің атыма келіп жатқан сансыз хаттар мен хабарламаларға, БАҚ беттерінде жарияланып жатқан ақпараттарға жауап бере отырып, мынаны айтқым келеді: мен 2019 жылы өз өкілеттігімді Қасым-Жомарт Тоқаевқа тапсырдым, сол уақыттан бері зейнеткермін және демалысымды Қазақстан астанасында өткізіп жатырмын, ешқайда кетіп қалған жоқпын», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.